Астанадағы медуниверситеттің студенті Ерасыл Әубәкіровтің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іске 12 қазанда нүкте қойылады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшілері мәлімдеп отыр.
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы хабарлағандай, алқа билер мен судья кеңесу үшін сот залын тастап шығып кеткен.
"Үкім алқа билердің шешіміне сәйкес әзірленеді. Яғни, алқа билер кеңесінің әрбір мүшесі дауыс береді. Олардың шешімдері үкімге негіз болмақ", - деді қорғаушы Тельман Аленов. Ол сондай-ақ, үкімнің 12 қазанда оқылатынын да мәлімдеді.
Белгілі болғандай, 23 жастағы студенттің өліміне қатысты айыпталған үш жігіт өздеріне тағылған айыптардың бірде-бірін мойындамаған. Өздерінің соңғы сөзінде олар алқа билер кеңесінен әділ шешім шығаруын өтініпті.
Естеріңізге салайық, Ерасыл Әубәкіровтің ісіне қатысты сот отырысы осыдан бір айдай уақыт бұрын Астанада басталған. Процесс жабық режимде өтіп жатыр. Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, "Қылмыстық топ құру, оны басқару және мүше болу", "Еркінен тыс бас бостандығынан айыру", "Кісі өлтіру", "Бопсалау" және "Зорлық-зомбылық көрсету".
Айта кетейік, бұған дейін айыпталушылардың қатары төрт адамнан тұрған еді. Алайда, басты күдіктілердің бірі, Ерасылды азаптап жатқан видеода түрі көрінген Аян Шәріпбаевты тәртіп сақшылары босатып жіберді. Ол ШҚО-дағы ірі кәсіпкердің ұлы.