$ 441.66  475.14  4.86

Алматы облысының фермері билік тарапынан қысым көргенін айтып отыр

Сарқан қаласының тұрғыны Алексей Коржиков дәрілік өсімдіктер өсіріп, оны экспорттаумен айналысады. Алайда, жергілікті билік өкілдері соңғы уақытта оған қысым көрсетіп, қант қызылшасын егуді талап етіп отырған көрінеді. Бұл туралы Informburo.kz порталы жазды.

"Қазір менде еуропалық фармкомпаниялармен келісімдер көп. Біз олар үшін түймедақ, жалбыз, итмұрын және өзге де көптеген дәрілік өсімдіктерді өсіреміз. Ал, жергілікті әкім Ерғазы Қошанбеков бізге қант қызылшасын егіңдер деп талап етуде. Біріншіден, мен қызылша шаруашылығынан бейхабармын. Екіншіден, өсіргім келмейді. Үшіншіден, менің келісімдерім бар, оны бұза алмаймын", - дейді А.Коржиков.

Оның айтуынша, алда келе жатқан жер телімдерін қайта рәсімдеу науқаны жақындаған сайын әкім де талабын күшейтіп жатқан көрінеді.

"Кейбір шөптер тау етегінде жақсы өседі. Сондықтан, біз тау етегінен жер тауып, банк кепілдігінен оны сатып алдық. Бірақ, өз атымызға аударып ала алмай отырмыз. Әкім қант қызылшасын екпесеңдер жерді меншіктеріңе бермеймін дейді. Тағы айтамын, бізге қант қызылшасы керек емес", - деді фермер жергілікті әкімнің үстінен шағым айтып.

Ерғазы Қошанбековтің өзі болса ешкімге қысым көрсетпегенін айтып ант-су ішіп отыр. Коржиковтің сөзіне мән берудің қажеті жоқ дейді ол.

"Оған ешкім қысым көрсеткен жоқ. Біз аудандағы барлық диқандарға қант қызылшасын егуді ұсынып көрдік. Өйткені, бұл тиімді, субсидия бөлінеді. Оның үстіне, Мемлекет басшысының өзі Алматы облысында қант қызылшасы өндірісін қайта қолға алуды тапсырған болатын", – дейді Сарқан ауданының әкімі.

Сарқан ауданының прокурорлары әкімнің сөзін қолдап отыр. Заң қызметкерлері де қант қызылшасын егу керек деген пікірде. Өйткені, жер құнарлығын жоғалтпау үшін егін түрлерін алмастырып отыру қажет деп есептейді олар.

А.Коржиков болса мемлекет беретін субсидияға мұқтаж еместігін айтуда. Сондықтан ол өзінің сүйікті ісімен айналыса бермек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары