$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да оқушы мектептен кейін жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан

Оңтүстік Қазақстан облысының Манкент елдімекенінде 4-сынып оқушысы сабақтан кейін аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Оқиға жарты жыл бұрын орын алғанымен, қоғамға енді белгілі болып отыр деп жазады TVK. Қазір сол кездегі жарақаттың салдарынан баланың көру мүмкіндігі де нашарлап бара жатқан көрінеді.

Әбидін Ырыстаевтың әкесі ұлын мұғалімнің ұрғанына сенімді. Соққының салдарынан миы шайқалып, ол есінен таңып қалыпты. Қазір баламның көру мүмкіндігі күннен күнге нашарлап бара жатыр дейді әкесі Шералы Зундинов.

Оқиға 21 сәуір күні Манкенттегі №64 орта мектепте орын алған. Жарты жыл уақыт өтсе де не мектептің басшылығы, не құқық қорғау органдары ешқандай шара қолданбапты. Енді әділдік іздеген әке «Нұр Отан» партиясының облыстық штабына келіп, мұңын шағып отыр.

Шералы Зундиновтың айтуынша, өзбек тілі пәнінің мұғалімі оның ұлының басын партаға бірнеше мәрте соққан. Себеп - бала үлгерімінің нашарлығы болса керек. Алған жарақаттан бала сол жерде ес-түссіз құлап, аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шығыпты.

«21 сәуір күні кешке жұмыстан келсем ұлым Әбидіннің бірнеше рет есін жоғалтып алғанын естідім. Біз баланы ауданның орталық ауруханасына апардық. Дәрігерлер оны дереу жансақтау бөліміне жатқызып, миы шайқалған деген диагноз қойды. Үш күн жансақтау бөлімінде жатып шыққаннан кейін дәрігерлер алғашқы айтқандарынан айнып, балаға гайморит деген диагнозды қайта қойды. Емделіп шыққан соң облыстық ауруханаға апардық, ондағы дәрігерлер де миы шайқалғанын айтты. Мұғалімнің ұрғанын кейін білдік, балам есін жиған соң өзі айтып берді»,- дейді Шералы Зундинов.

Ата-ана мұнан кейін дереу ішкі істер органдарына арызданған. Алайда, тергеуші Талғат Дәулетбақов істі белгісіз себептермен созып отырған көрінеді. Ал, аудандық білім бөлімінің басшылары Ш.Зундиновтың арызына жауап беруден мүлдем бас тартқан. Жәбірленген балаға қазір қымбат ота жасалуы тиіс екен. Алайда, ата-ананың оған шамасы келмейді.

«Өзбек тілінен сол күні диктант жаздық. Мен үлгере алмай, қалып кете бердім. Мұғалім Сайера Жұманазарова менің басымды партаға екі рет ұрды. Менің денсаулығым күрт нашарлаған соң үйге қайтарып жіберді. Үйге қайтар жолда мен бірнеше рет талып қалдым»,- дейді қазір 5-сыныпта оқып жүрген Әбидін Ырыстаев.

Қазіргі таңда бұл іске прокурорлар араласты. Партия басшылары да істің ақ-қарасын анықтап, жауаптылардың міндетті түрде жазаланатынын айтуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары