13.10.2016, 04:02

А.Мұхамедиұлынан "зәбір көрдік" деген тағы 3 қыз видеоүндеу жарияламақшы

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын "азғын" деп айыптаған экс-актриса, министрдің бұрынғы шәкірті Еңлік Садықова адвокат жалдап, соттасуға дайындалып жатыр. Бұл туралы KTK телеарнасы хабарлады.

Дегенмен, адвокат Гүлнәр Жуасбаеваның айтуынша, алдағы сотың әділ өтуі екіталай. Ол үшін Арыстанбек Мұхамедиұлы қызметінен кетіп, қатардағы азамат ретінде сотқа қатысуы керек. Ал, лауазымды қызметте отырса сотқа міндетті түрде ықпал етеді дейді ол.

"Әділ сот болуы үшін министр отставкаға кетуі керек. Сосын қарапайым азамат ретінде сотқа берсін. Сонда әділ сот болады. Ал енді өзі министр болып креслода отырып, сотқа берсе сот шешімі әділ болмайды", - дейді заңгер.

Ол сондай-ақ, министрдің үстінен тағы бірнеше қыздың шағым айтып отырғанын хабарлады. Олар да батылдық жинап, алдағы уақытта видеоүндеу жарияламақ көрінеді.

"Эфирден кейін қыздар жазып жатыр. Видеоны интернетке жібереміз деп. Қазір 3-4 қыз бар дайын", - деді Г.Жуасбаева.

Естеріңізге салайық, осыдан бірнеше күн бұрын экс-актриса Еңлік Садықова видеоүндеу жариялап, Арыстанбек Мұхамедиұлы ректор кезінде өзін төсекке тартқанын мәлімдеген болатын. Мұнан кейін оның сөзін Мұхамедиұлымен қызметтес болған Роза Бақтығалиева есімді әйел де қуаттады. Ол 1999 жылы қазіргі Мәдениет министрінен эротикалық ұсыныстың болғанын мәлімдеген еді.