Атырауда қоғам белсенділері Макс Боқаев пен Талғат Аянның үстінен сот процесінің басталғаны белгілі. Олар 24 сәуірде жер дауына қатысты заңсыз митинг өткізді деп айыпталуда. Кеше өткен сот отырысында айыпталушылардың адвокаты қамауда отырған олигарх Тоқтар Төлешовті Атырауға алдырып, процеске куәгер ретінде қатыстыруды сұраған болатын. Судья бұл өтінімді қанағаттандырды деп жазады "Ақ Жайық" порталы.
Қорғаушы сонымен қатар, Боқаев пен Аянды үй қамаққа ауыстыруда немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуды да сұраған еді. Алайда, судья оған келісімін берген жоқ.
Заңгерлердің айтуынша, Макс Боқаевтың денсаулығында ақау бар. Оның бауыры біраз уақыттан бері сыр беріп жүрген көрінеді. Ал, Талғат Аян болса отбасының жалғыз асыраушысы. Олардың екеуін де үйлерінде күтіп отыр дейді адвокаттар. Қос белсендіге тіпті, танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері де ара түсіп, ашық хаттар жазып жатыр.
Айта кетейік 13 қазанда өткен сот отырысында Макс Боқаев өзіне тағылып отырған айыптардың мән-мағынасын түсінбейтінін атап өтті. Ол өзінің конституциялық құқықтары аясында ғана әрекет еткенін айтып, айыптардың ешбірін мойындамайтынын жеткізді.
Боқаев пен Аян прокурорлармен келісімге келіп, тергеуге атсалысудан да бас тартып отыр. Егер мұндай қадамға барса оларға қолданатын жазаның жеңілдейтінін судья Дәулешова бұған дейін ескерткен болатын. Тіпті, қамаудан босатлыуы мүмкін екені де айтылған. Дегенмен, қос айыпталушы жасамаған қылмысты мойындарына алмайтындарын тағы да қадап айтты.