Қазақстанда салафизмге тыйым мүлдем салынбауы мүмкін. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде журналистер сұрағына жауап берген Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев осымәселеге қатысты өз ойын білдірді деп жазады Baq.kz. Оның айтуынша, салафизмге тыйым салмай-ақ, оның таралуын тоқтатуға болатын көрінеді.
«Салафизмді ұстанушылар өз идеялары мен құндылықтарын біздің ұлттық мәдениетімізден, рухани дәстүрлерімізден жоғары қояды. Сондықтан, Қазақстан халқы салафизмнің тарауына заңмен тыйым салмай-ақ, оған жол бермей, зайырлы қағидаттарды басшылыққа алады», - дейді министр.
Оның пікірінше, халықтың өзі заңның қабылдануын күтіп отырмай, дәстүріл емес діни ағымға бой алдырмауы тиіс.
«Бұл таңдауды Қазақстанның әрбір азаматы қолдауы тиіс. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады. Салафиттердің барлығы ашық айтпаса да қатаң діни қағидаларға құрылған мемлекетті қоғамдық құрылыстың идеалды жүйесі деп есептейді. Осыған байланысты еліміз үшін салафизмді мүлдем жат, теріс ағым деп санаймыз», - деді Н.Ермекбаев брифинг барысында.
Жиын барысында министр салафизмнің ұйым емес, діни ағым екенін ұмытпау керектігін де еске салды. Оның айтуынша, елімізде қолданыстағы заңдар қазірдің өзінде жасырын діни ұйымдармен күресіп, радикалды діни әдебиеттерді таратудың жолын кесуге барлық мүмкіндікті жасап отыр.