Өзбекстан азаматын өлтіргені үшін түрмеде жазасын өтеп жатқан экс-полицей Манарбек Өтеуов атышулы хатын сот үкімі шықпай тұрып жазған болатын. Онда ол атыраулық полицейлердің жемқорлығы, өздерінің қылмыстық топ құрып, оны басқаратыны туралы мәлімдеген еді. Қазір хатта көрсетілген деректер бойынша Бас прокуратура тексерулер жүргізіп жатыр деп жазады "АқЖайық".
Бас прокуратураның тергеу тобының мәліметінше, 17 қазан күні кешкі сағат 19:00 шамасында Атырау қалалық ІІБ криминалды полиция басшысы Нұрболат Қабдешов пен аға жедел уәкілі Бейбіт Шалтенов ұсталды. Оларға жеке басының пайдасы үшін топ болып қызметін асыра пайдаланды деген айып тағылуда.
Айта кетейік, сот процесі барысында Манарбек Өтеуов Өзбекста азамтын өлтіргенін жасырмай мойындады және өз басшылары мен әріптестерінің "қылмысы" жайында да жаға ұстатарлық деректерді айтып берді. Мұны ол 2016 жылдың 20 наурызында жазған атышулы хатында да көрсеткен.
Осынау хаттан кейін ҚР Ішкі істер министрлігі мен Атырау облыстық ІІД Манарбек Өтеуовті жала жауып отыр деп айыптаған болатын. Олар хатта көрсетілген деректердің барлығын жоққа шығарды.