Алматы облысы Кербұлақ ауданындағы Қоғалы ауылында мектептің директоры оқу орнының қарауылын өзіне уақытша орынбасар етіп алмақ болған. Бірақ, бұл үшін 13 мың теңге пара талап етіпті. Бірақ, күзетші пара берудің орнына құзырлы органдарға барып арызданған.
Бұл уақытта мектеп директорының орынбасары кезекті еңбек демалысында болғанын айта кету керек.
"Директордың ақша талап етуі менің ашуымды келтірді. Мен онсыз да күні-түні осы мектептемін. Қосымша жұмыс істеп, ақша тапқым келді. Ауылда жағдайдың ауыр екенін білесіздер ғой", - дейді қарауыл сот отырысы барысында.
Тергеу материалдарынан белгілі болғандай, мектеп қарауылы директорының үстінен аудандық ішкі істер бөліміне және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдеріне арызданған. Мектеп басшысы 13 мың теңге пара алып жатқан жерінен қолға түсті.
Кербұлақ аудандық соты педагогты алған парасының 5 еселенген көлемінде айыппұл төлеуіне (65 мың теңге) және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істемеуіне үкім шығарды. Сонымен қатар, ол мұғалімдік жұмыспен де айналыса алмайды.