$ 443.35  475.54  4.82

Ninety One тобының Қызылордадағы концерті де өтпей қалды (ВИДЕО)

Атышулы Ninety One тобының Қызылордада жоспарланған концерті де өтпей қалды. Бұл туралы Азаттық радиосының сайты хабарлап отыр. Іс-шараның өтуіне Сыр өңірінің жастары қарсы болған.

Концерт залдары берілмегендіктен әншілер жай ғана тойхана жалдап, өнерлерін сол жерде көрсетпек болыпты. Алайда, олардың соңынан ерген жас жігіттер топтың ән айтуына жол берген жоқ. Ал, Ninety One-ды сүйіп тыңдайтын мектеп жасындағы қыздар жылап қалды.

Серікжан Жүзеев, Қызылорда тұрғыны:

- Дәстүрімізге қарама-қайшы келетін бұл топқа жастар қарсы. Өзге қалалардағыдай біздің қалада да концерт өтпейді. Өйткені, олардың киім киісі, жүріс-тұрысы, болмысы біздің қазақ жігіттеріне тән емес.

Қарсы шыққан жастардың айтуынша, олар қалалық әкімдікке шығып, концертке тыйым салуын сұрапты. Жергілікті билік өкілдері олардың бұл өтінішін қабыл алған көрінеді. Алайда, Қызылорда әкімінің орынбасары Ninety One концертінің өтпеуіне өздерінің мүлдем қатысы жоқтығын айтып отыр.

Нұрхан Жәлиев, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:

- Маған жастар келген, осы мәселені айтып. Мен өздері шешсін, жеке мәселелері ғой дедім. Той өткізе ме, концерт өткізе ме, өздері біледі.

Концертті ұйымдастырушылардың айтуынша, Ninety One тобын қабылдаудан тіпті мейрамханалар да бас тартқан.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте, Ақтөбе мен Қарағандыда және Жезқазғанда аталған топтың жоспарланған концерттері өтпей қалған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары