ҚР ҰҚК Шекара қызметі ағымдағы жылдың қараша айында VIP үлгісіндегі су жаңа Sukhoi Super Jet 100 ұшағын сатып алмақшы. Бұл туралы Біріккен авиақұрастыру корпорациясының Азаматтық авиация вице-президенті Валдислав Масалов ТАСС агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Масаловтың айтуынша, Ресейде жасалатын ұшақтардың біріне Қазақстанның шекарашылары тапсырыс берген. Әуе көлігі біздің елге қараша айында жеткізіледі.
Қазақстан шекара қызметінің аса қымбат ұшаққа тапсырыс бергені туралы ақпарат superjet100.info сайтына да ілінген.
Қазіргі таңда VIP үлгідегі үш SSJ-100 ұшағын Ресейдің билігі сатып алыпты. Дәл осындай екі ұшақты Тайландтың әскери әуе күштері арнайы тапсырыспен алған.
Айта кету керек, жай ғана қарапайым SSJ-100 ұшақтарының өзі 34 миллион доллар тұрады. Ал, VIP үлгідегі ұшақтар тапсырыс берушінің талғамына қарай өсе береді.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері бұл жайтқа қатысты пікір білдіруден бас тартты деп жазады Informburo.kz. Олар ұшақтың әлі Қазақстанға жеткізілмегенін алға тартып отыр.