Түрмеге қамалған танымал кәсіпкер Қайрат Жамалиевтің "тоқалымен" ойнас құрамын деп, өлім аузынан қалған астаналық тұрғын Әліби Жұмағұлов полицейлерге есірткі тасымалдаған бойжеткенді ұстап берді. Бұл туралы Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
"Жұмағұловтың полицияға жазған арызынан кейін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық кодексінің 296 бабы (Есірткі заттарын заңсыз сақтау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-химиялық сараптама көрсеткендей, 21 жастағы бойжеткеннен тәркіленген 1 келіден астам зат марихуана болып шықты. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген аталған хабарламада.
Естеріңізге салайық, былтыр сәуір айында танымал кәсіпкер Қайрат Жамалиев Әлібиді өлімші етіп сабап, зорлық көрсеткен болатын. Басты себеп - Әлібидің кәсіпкер "тоқалы" Айнұр Исинаға қырындауы еді. Қоғамда үлкен шу тудырған осынау іске былтыр нүкте қойылып, Жамалиев 13 жылға бас бостандығынан айрылды.