Сәтпаев қаласында емізулі баласы бар жас отбасы мен жергілікті екі тұрғын терроризмді насихаттағаны және шекараны заңсыз кескені үшін сотталды деп хабарлайды Informburo.kz Қарағанды облыстық прокуратурасына сілтеме жасап. Олар сондай-ақ, лаңкестік топ құрамына енуді жоспарлаған.
Прокурорлардың айтуынша, биыл наурыз айында У.Тұрсынбаев пен Б.Сағатова есімді ерлі-зайыптылар емізулі баласын алып, Бішкекке өтіп кеткен. Қырғыз астанасынан олар Түркия арқылы Сирияға кетпек болыпты.
"Тұрсынбаев ДАИШ лаңкестік ұйымының қатарына еніп, Сирияда соғыспақ болған", - делінген прокуратураның баспасөз қызметінде.
Сәтпаев қалалық соты лаңкестік топ құрамына енуді көздегені үшін және шекараны заңсыз кесіп, терроризмді насихаттағаны үшін Тұрсынбаевты 6 жылға бас бостандығынан айырды. Ал, оның әйелі Сағатова 6 айға шартты жазаға сотталды.Үкім 2016 жылдың қыркүйегінде шығарылған.
Дәл осы Сәтпаев қаласында 2015 жылдың желтоқсан айында да терроризмді насихаттағаны үшін М.Жапаров есімді жергілікті тұрғын 6 жыл 5 айға сотталса, биыл 9 қыркүйекте өзге тұрғын 5 жылға қамалды. Ол әлеуметтік желі арқылы жастарды "қасиетті соғысқа" тартқан.