Алматы облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталған азамат бір жыл бойы жерлесіне қатысты бопсалау әрекеттерін жасады деген күдікке ілінді.
11 қараша күні Көксу аудандық полициясының кезекші бөліміне 18 жастағы жергілікті тұрғын таныстарының бірі тарапанынан бопсаланғаны жайында арызданған. Жас жігіт жалпы сомасы 596 000 теңгеден астам қаражатты күдіктіге бергені мәлім болды.
Дерек аудандық полицияда ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша тіркелді (Бiрнеше рет жасалған қорқытып алушылық).
Балпық би ауылының тұрғыны болып табылатын күдіктіні ұстау жұмысын облыстық экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел қызметкерлері Талдықорған қаласында жүргізді. Жедел іс-шараға арнайы жасақ жауынгерлері де тартылды. Ұстау кезінде күдіктіден жиналмалы пышақ пен травматикалық тапанша тәркіленді.
Тәркіленген қаруға тиісті сараптама тағайындалып, ҚР ҚК-нің 287-бабының 2-бөлігіне (Қаруды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің жәбірленушіні 2020 жылдың қарашасы мен 2021 жылдың қазанында физикалық күш көрсетумен және қарумен қорқытып, онлайн-несие ресімдеуге мәжбүрлегені анықталды. Сонымен қатар ол бір жыл ішінде жас жігіттің қымбат үш ұялы телефонын тартып алған.
айқын.кз