Жаппай зорлау қылмысының құрбаны болған Есік қаласының тұрғыны Жібек Мусинова айыптыларға үкім шыққан соң өзі мен туыстарының өмірі үшін қорқатынын мәлімдеді.
Күдіктілердің туыстары тарапынан қорқытулардың болып жатқанын ол Фэйсбуктегі парақшасында жазған.
«Барлықтарыңызға белгілі, менің ісім бойынша сот процесі жүріп жатыр. Әрбір процесте маған туыстарым мен достарым қолдау көрсетуде. Сол секілді, күдіктілерге де өз туыстары болысып жатыр. Сот отырысы басталар сәтте және біткеннен кейін олардың достары мені қорқытады: "Егер оларды қамайтын болса бүкіл Есікті сендерге қарсы көтереміз" дейді. Мен өзім үшін қорықпаймын. Өйткені, менімен болатынның бәрі болып қойды. Мен өз туыстарым үшін қорқамын. Өйткені, олардың қалай кек алғысы келетінін білмеймін. Егер бұл адамдар зорлаушыларды қолдайтын болса, демек олар да қылмыс жасауға дайын деген сөз», - деп жазды Ж.Мусинова.
Құқық қорғаушы, Жібектің соттағы өкілі Дина Таңсәрі де жағдайдың қиын екенін айтып отыр.
«Есіктің полицейлері де бұл жағдайдан хабардар секілді. Өйткені, патрульдік көлік Жібектің үйін жиі қарауылдайды. Ал, соңғы отырыста куәлік берген Айман Омарованы да тәртіп сақшылары қаладан өздері шығарып салды. Сот ғимаратының алдында да полицейлер көптеп жиналды. Бұл жағдайдың расымен де қиын екенін көрсетеді. Сондықтан, Жібектің қорқатынындай бар», - дейді Дина Таңсәрі.
Айта кетейік, жаппай қыз зорлау дерегі бойынша сот отырысы 19 қазанда басталған болатын. Іс бойынша төрт күдікті айыпталуда. Қылмыстың өзі болса 20 тамызда орын алды.