$ 448.89  477.93  4.76

Қостанайлық жүкті әйел жолдың жаман болуынан перзентханаға жете алмай босанды

Қостанай облысы Қашар ауылының тұрғыны Рудный перзентханасының ауласында босанды деп хабарлайды Qostanay.TV. Қазір әйелдің жағдайы жақсы, ол екі баланың анасы. Өз ауылында перзентхана болмағандықтан дәрігерлер жүкті әйелді Рудныйға жеткізбек болған. Алайда, жолдардың тым нашар болуы себебінен олар біршама уақыт жоғалтып, әйелді ғимарат ішіне кіргізіп үлгермепті.

"Қашарда перзентхана жоқ. Сондықтан біз Рудныйдың перзентханасында босанамыз. Толғақ қысқан сәтте ауылдың медбикесімен жедел жәрдем көлігін күтпей, өз көлігімізбен жолға шығуды шештік. Өйткені, жедел жәрдем келемін дегенше біршама уақыт өтеді. Сонымен жеңіл көлікке отырып, 20-30 минуттай жол жүрдік. Жаман жол әбден сілкіді. Оның үстіне қар жауып, жүрісімізді тежеп тастады", - дейді көлікте босанған қостанайлық Наталья есімді әйел.

Перзентханаға жеткенде іштегі дәрігерлер сыртқа шығып, әйелді көлік ішінде босандырып алған.

"Шын айтсам, не болғаны түгел есімде жоқ. Айналамның бәрі шулап жатты, күйеуім Сергей көлікті айналып ары-бері жүргені көз алдымнан кетпейді. Босанып болған соң мені дереу перзентхана ішіне алып кіріп кетті", - дейді екі баланың анасы.

Баланың дені сау болып туылған. Оған ата-анасы Денис деген ат беріпті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары