Оңтүстік Қазақстан облысында 10-12 қараша күндері аралығында облыстық Жергілікті полиция қызметінің тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.
Шараның мақсаты – облыс автожолдарында қалыптасқан жедел жағдайды жақсарту, жол апатының болу қаупін төмендету және жол-көлік оқиғаларын және олардың салдарынан болатын ауыртпашылықты төмендету болып табылады. Жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Жергілікті полиция қызметінің жеке құрамы мен өзге де бөлімдер күшейтілген қызмет атқару тәсіліне көшірілді.
Сонымен, «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасының 3 күнінде полицейлер 2790 Жол жүру ережесін бұзушылықты анықтады, оның ішінде 88 құқықбұзушылық қоғамдық көлік жүргізушілерімен орын алған.
Атап айтқанда, қауіпсіздік белдігін тақпау – 723 жүргізуші, ұялы телефон пайдалану – 490, маневр жасау тәртібін бұзған – 125, техникалық байқаудан өтпеген – 93, жылдамдықты арттыру – 92, бағдаршамның тыйым салынатын сигналына өту – 14, қарама-қарсы жолағына шығу – 8, авариялық ахуал туғызған – 7 және жаяу жүргіншілерге басымдық бермеген 28 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, полицейлер көлік құралын масаң күйде басқарған 35 жүргізушіні анықтады. Бағдаршамның тыйым салынған сигналынан және рұқсат етілмеген жерден өтіп, жолда жүру қауіпсіздігін бұзған 80 жаяу жүргінші анықтады.
«Жедел алдын алу шарасына тек Жергілікті полиция қызметкерлері ғана емес, жолаушы тасымалы және автомобильді жол басқармасының өкілдері, сондай-ақ транспорттық бақылау өкілдері жұмылдырылды. Барлық ереже бұзушылар заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.» - деп көрсетті ОҚО ІІД ЖПҚ бастығы полиция полковнигі Балтабек Аблаев.