15.11.2016, 08:49

Астанадағы зәулім үйлердің бірінен қар барысының терісі табылды

Krisha.kz порталына сатылымға қойылған Астанадағы зәулім үйлердің бірінен интернет қолданушылары қар барысының терісін байқап қалған деп жазады Tengrinews.kz. Жеті бөлмеден тұратын коттедж құны 360 миллион теңге тұрады.

"Үйдің жалпы аумағы 500 шаршы метр. Ауласы көгалдандырылған, 2 көлікке арналған гаражы, моншасы, терассасы бар. Элиталық ауданда, Астананың орталығында, сол жағалау мен оң жағалаудың аралығында орналасқан. Барлық коммуникациясы орталықтандырылған", - делінген порталдағы хабарламада.

Хабарландыруда зәулім үйдің ондаған суреті бар. Солардың бірінен қолданушылар қар барысының терісі төселген еденді көріп, шу көтеріп отыр.

Үйді сатуға шығарған риэторлық компания өкілдері терінің жыртқышқа тиесілі емес, жай қолдан жасалған макет екенін айтқанымен, мамандар (таксидермист) оған келіспейді. Олардың пікірінше, ілбістің терісін қолдан жасау өте қиын, кез-келген адам оны жасай алмайды дейді таксидермист-маман.