Қарағандыда экстремистік топ құрған салафилік ағым өкілдерінің соты басталды деп жазады Informburo.kz. Лаңкестерді құқық қорғаушылар биыл 26 маусымда Балқашта қолға түсірген болатын. Күдіктілер әуел баста 7 адам болған. Алайда, ұстау операциясы кезінде олардың бірі өзін жарып жіберді.
Сот процесі жабық режимде Қарағанды облыстық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген.
Барлығы 8 адам сотталып жатыр. Олардың төртеуі ағайындылар. Олардың ең үлкені топты басқарған, яғни "әмір" болған. Ол өзіне тағылған айыптармен келісетінін айтып, тергеуге көмектесіп жатыр. Бұл туралы күдіктінің қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов мәлімдеді.
Тергеу жүріп жатқан кездің өзінде Ғалым Нұрпейісов өз қорғауындағы күдіктінің райынан қайтып, тергеуге көмектескісі келетінін айтқан болатын. Кейін, "әмірдің" бұл әрекетінен топтағы өзге содырлар үлгі алып, тағылған айыптармен толық келіскен.
Естеріңізге салайық, лаңкестерді ұстау операциясы Қарағанды облысындағы Балқаш қаласы мен Гүлшат елдімекенінде жүргізілген болатын. Тергеу мәліметтеріне сенсек, лаңкестік топ Қарағанды облысындағы Ресейдің әскери бөлімге шабуыл жасамақ болған.