$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда қар тазалауға тағы 400 млн теңге бөлінді

Алматыда 16-20 қараша күндері аралығында жауған қардың биіктігі 60 сантиметрге, кей жерлерде 80 сантиметрге дейін жетіп отыр. Бұл орташа айлық көрсеткіштен 3 есеге көп. Бүгін Астанаға кеп есеп берген қала әкімі Бауыржан Байбек Алматы көшелерін қардан тазарту жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатқанын айтты.

Байбектің айтуынша, қаладағы коммуналды қызмет көрсететін мекемелердің барлығы қар күреу жұмыстарына жұмылдырылған. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаменті мен аудандық әкімдіктегілер де бұл іске атсалысуда. Ғимарат иелері, көпқабатты үй тұрғындары да өз аулаларын өздері тазартып жатыр. Күн сайын қар күреу жұмыстарына 760 дана техника мен 1,6 мың жұмысшы қытысуда.

"Қосымша 128 техника тартылып, 5 мың адам жұмылдырылып отыр. Ең алдымен маңызды жолдарды ашу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, әлеуметтік және әкімшілік нысандарға баратын көшелер, тұрғындар көп шоғырланатын жерлер қардан тазаланды. Әуежайларда, вокзалдарда, сауда орталықтарында және базарларда меншік иелерінің өздері қарды аршып жатыр", – деді Б.Байбек есептік жиында.

Оның айтуынша, қала аумағының тым үлкен болуы (700 шаршы шақырым) және қалаға жаңа елдімекендердің қосылуы қарды шығаруда біраз қиындықтар туғызған. Мәселен, соңғы 4 тәулік ішінде Алматыдан барлығы 95 мың текше метр қар шығарылыпты. Бұл өткен жылдың бүкіл қысында жауған қарынан көп. Жоспарға сәйкес, апта соңына дейін тағы 250 мың текше метр қар шығарылады. Қаланы қардан тазарту жұмыстары тәулігіне 24 сағат жүріп жатыр дейді шаһар басшысы.

"Ауа райының тосын мінезін және жұмыстардың тәулік бойы жүріп жатқанын ескере келе жергілікті бюджеттен қосымша 400 миллион теңге қарастырып отырмыз. Яғни, біз жұмысшылардың жалақыларын 20 пайызға өсіріп, қосымша жұмыс күшін алып жатырмыз. Егер қар азайса, бұл техникалар қоқыс тазалаумен айналысатын болады", – деді Б.Байбек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары