22.11.2016, 09:30

Алматыда жезөкшелерге "крыша" болған подполковник 10 жылға сотталды

Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына кіріп, жезөкшелерге "крыша" болған полиция подполковнигі 10 жылға сотталды. Ол сондай-ақ, қалада рейдтік шаралар болатын кезде жеңгетайлар мен жеңіл жүрісті қыздарды алдын ала ескертіп отырған. Бұл туралы Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы қаласындағы Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында экс-полицейдің ісі қаралып, судья үкім шығарды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 4 бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу; қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi; Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық; Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану.

Соттың баспасөз қызметіндегілердің мәліметінше, 2015 жылдың маусымында полиция подполковнигі қызметін пайдалана тұра, жеңгетайлықпен айналысатын Ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына кіріп, интим қызметтерді көрсететін қыздарды жасырып жүрген. Сондай-ақ, ол жезөкшелерге жүргізіліп жатқан жедел шаралар туралы ескертіп отырған. Сол қызметі үшін ай сайын 150 мың теңгеден аса ақша алып тұрған.

Соттың шешімімен полиция подполковнигі ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабының 3-бөлігін, 28-бабының 5-бөлігі, 309-бабының 3-бөлігі, 361-бабының 4-бөлігі және 58-баптың 3-бөлігі бойынша айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол мемлекеттік және құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан айырылып, мүлкі тәркілеінп, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейін болады. Және соттың үкімі бойынша, ол полиция подполковнигі деген арнайы атағынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.