Таиланд билігі толассыз жаңбыр мен су тасқынына байланысты Самуи және Пханган аралдарын апатты аймақ деп жариялады.
Әлемдік БАҚ-тың мәліметтеріне қарағанда, Сурат Тхани, Чумпхон, Краби, Транг, Пхаттхалунг, Ялла, Наративат және Паттани провинцияларында су тасқынынан 11 адам қаза тауып, 2 адам із-түссіз жоғалып кеткен. Өткен бейсенбіде басталған толассыз жауыннан елдің 12 провинциясында 400 мыңнан астам адам зардап шеккен.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаменті Таиландқа сапарлар ұйымдастыратын туристік операторларды елдегі метеорологиялық ахуалды жіті бақылауда ұстап, ауа райы күрт нашарлап және қауіпті жағдай туындаса туристерді жедел ақпараттандыруға шақырады.
Таиландта жүрген қазақстандық туристерге дүрлікпей, сақтық шараларын сақтауға, тұрған жеріңізден себепсіз кетпеуге және жергілікті биліктің нұсқауларын тыңдауға кеңес береміз.
ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаменті Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен тұрақты байланыста.