Облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының судьялары №4 балалар үйінің бүлдіршіндерімен кездесті. Іс-шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Бұл жолы сот қызметкерлері басқосуда жастармен ашық түрде әңгіме жүргізіп, оларға заң тұрғысындағы өз құқықтарын түсіндірді. Бүгінде бұл балалар үйінде 90-ға жуық жасөспірім тәрбиеленуде. Сот қызметкерлерінің айтуынша, оларға өз құқықтары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу- өте маңызды. Өйткені, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәрбие беру, бағыт көрсету — үлкен жауапкершілік. Әрі мемлекет қарауындағы балаларға қатысты талап та жоғары. Балалар үйінің директоры Нұрсәуле Тастыбаеваның айтуынша еліміз бойынша ата-ана қамқорлығынсыз қалған 80 мыңнан астам бала бар.Қала берді сан мыңдаған сәби мемлекет қамқорлығында өсіп, ер жетуде. Әйткенмен, он сегізге толып, кәмелеттік жасты толтырғаннан кейін ол баланың болашағы не болмақ? Жетімдер үйінен кеткеннен кейін, бірі жалданып күнделікті нанын тапса, енді біреулер қылмыс жасап, бұзақылықпен айналысады. Сондықтан да жасөспірімдер өзінің азаматтық құқығын жастайынан білуі тиіс,-дейді заң қызметкерлері. Олардың кәмелеттік жасқа толғаннан кейінгі өмірі үкіметтің бақылауында. Теріс жолға түспей тұрақты жұмыспен қамту жағы да басты назарда. Шара барысында жеткіншектерге тәуелсіздіктің тағлымы жайында да әңгіме айтылды. Ұлан байтақ елдің ұлтжаны ұланы болу білімнен,лайықты тәрбиеден бастау алатыны айтылды. Бүгінде барлық азаматтың заңды құқығының қорғалуы жіті бақылауға алынған.Өз мүмкіндіктерін дұрыс бағытта жұмсауға үйрету үшін аталмыш шаралар жер-жерлерде тұрақты түрде өткізілетін болады.
Облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бауыржан Диқанбаевтың айтуынша, осындай жұмыстардың нәтижесінде соңғы жылдары кәмелеттік жасқа толмағандардың арасындағы қылмыс азайған. Кездесуден кейін судьялар балғындарға әдеттегідей тарту-таралғы жасап, оқуға қажетті түрлі заттарды сыйға тартты.