Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданында аймақты күл-қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Шара барысында бас-аяғы 25 табиғи нысан қоқыстан тазартылды. Осы мақсатта өңірде қолға алынған бастама «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» деген айдар тақты. Мақсат – халықтың экологиялық сауаттын арттырып, қоршаған ортаға қамқорлық жасау.
Шардара су қоймасының қызметкерлері сенбілікке білек сыбана кіріскен. Бас аяғы 100-ге тарта адам өңірдегі 25 нысанға тазалық жұмыстарын жүргізді. Олардың қатарында балықшылар мен қарапайым ауыл тұрғындарының саны басым. Бұдан бөлек тазалау жұмыстарына 6 техника мен 4 моторлы қайықты жұмылдырылған. Олар су арналарын балдырлар мен түбінде жатқан қоқыстардан тазартты.
Сонымен қатар, бұл күні мектептерде арнайы дәріс оқылып, семинарлар ұйымдастырылды. Шардара аудандық балық инспекциясы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбайдың айтуынша, бүгінгі аудандық семинардың басты мақсаты – әрбір мектептегі оқып жатқан оқушыларға тәуелсіздік ұғымын түсіндіру, тәуелсіздіктің оңайшылықпен келмегенін балаға ұғындыру, оқушылардың жүрегінде отансүйгіштік қабілетін арттыру болып табылады.
Бүгінде оңтүстік өңірінің барлық аудандарында ауқымды шаралар жоспарлы түрде өткізіліп келеді. Олар барлық саланы тұтастай қамтыған.