Есік қаласында бірнеше ер азаматтан зорлық көрген Жібек Мусинова енді сол қылмыскерлердің туыстарын да сотқа бермекші. Ол түрмеге жабылған жігіттердің туыстарын жала жапты деп айыптауда. Бұл туралы Informburo.kz хабарлады.
Ж.Мусинованың қабылдаған шешімін 18 желтоқсанда оның қорғаушысы мәлімдеді. Заңгер Айман Умарова Жібектің не мақсатта сотқа жүгінбекші екенін айтып берген.
"Біз сотта жеңіп шықтық, кінәлілердің бәрі тиісті жазасын алды. Бірақ, үкім оқылғаннан кейін сотталушылардың туыстары бізді жайымызға қалдырған жоқ. Олар баспасөз мәжілісін өткізіп, Жібекке жала жапқан. Қазір ол сотқа арыз дайындап жатыр. Сотталушылардың туыстарын жала жапқаны үшін жазалануды талап етеміз. Жала жапты деп отырғаным, олар Жібекті төбелесті бастады деп айыптайды. Расында ол төбелеспеген, оған шабуыл жасалған. Тіпті, сот-медициналық сараптама Жібектің қанында алкогольдің өте аз мөлшерде болғанын анықтады. Яғни, ол мас та болмаған", - дейді Айман Умарова.
Заңгердің айтуынша, жәбірленушіге әліге дейін сотталғандардың туыстары тарапынан қысым көрсетіліп келеді екен.
"Сотталғандар туыстарының баспасөз мәжілісін өткізіп, БАҚ өкілдеріне берген ақпараттары жалған. Біздің ойымызша, олар осылайша апелляциялық комиссияға әсер етпекші", - өзін түйді Жібек Мусинованың қорғаушысы.
Естеріңізге салайық, Есік қаласының тұрғыны Жібек Мусинованы зорлады деген күдікпен төрт жігіт ұсталған болатын. Сотта олардың кінәлары толық дәлелденіп, барлығы да ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылды.