Ерлік ұмытылмайды. Шымкентте өзгенің өмірі үшін жанын құрбан еткен Жомарт Сәрсенбаевтың ұрпағы марапатталды. Бұл туралы "Хабар-24" телеарнасы хабарлап отыр.
Құтқарушы тауға шыққан саяхатшыға көмек қолын созам деп өзі опат болған. Бейбіт күннің батырына Астанадан жеткен «Ерлігі үшін» медалі оның жары мен ұлына табысталды. Төтенше жағдай қызметкерлері әріптестерінің ізін басар баласына әкесінің ерлігі мен Отан үшін атқарған адал еңбегі жайында айтып берді. Қамкөңіл бүлдіршінге құтқарушылар сый-сияпат та табыстады. Мерекелік жиында осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлер де құрметке бөленді. Үздіктер марапатталды. Жалпы тәуелсіздік алған жылдар ішінде төтенше жағдай қызметінің 5 бірдей қызметкері өзгенің өмірі үшін өз басын бәйгеге тіккен екен. Олардың ерлігі жадымызда дейді әріптестері.
Гүлжан Сабазова, зайыбы:
- Жұбайымның қызметін адал атқарғаны, жұмысында өзін көрсете білгенінің арқасы шығар, ұмытпай елеп-ескеріп жатқанымыз. Балалары әкесінің жолын қуады деген ойдамын.