Шымкентте жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне ақша беріп, қайтарымсыз грант алмақшы болғандар шу шығарды. Айтуларынша, атаулы әлеуметтік көмек пен грантқа уәде берген қызметкерлер ауызбастырық алғанымен, сөзінде тұрмапты, деп хабарлайды Stan.kz.
Енді тұрғындар берген ақшасын қайтаруды талап етуде.
“Басшы қол қоймаса, атаулы әлеуметтік көмек пен гантты бізге қай жақтан береді? Сонша соманы, миллион екі жүз түсті біреуге, мысалы, гранттан. Менің грантқа қатысым жоқ. Мен тек қол қоямын дейді. Оны қалай түсінуге болады? 500 мың бересің, 5 миллиондық грант аласың, 150 мың бересің, бір миллион 225 мың грант аласың. Әсем бізден алған ақшаны Айгүлге аударғаны туралы бізде түбіртегі бар. Күніне қарап тексеруге болады. Хат алмақаны да бар, АЭКті қалай шығарып отырғаны”, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Гүлвира Дәулетова.
Жиналғандардың айтуынша, жұмыспен қамту орталығында істейтін қызметкер барлығына қайтарымсыз грант алып беруге уәде берген. Осы қызметіне әрқайсынан ақша алыпты. Тіпті қаржыны орталық директорының орынбасарына аударғаны туралы түбіртектері де бар. 100-ге тарта жәбірленушінің алды 500 мың, кейбірі 10 миллион теңге ақша бердік дейді. Ақшаны алған қарапайым қызметкерге қатысты іс қозғалғанымен, директордың орынбасары бірер ай бұрын жұмыстан өз еркімен шығып кетіпті. Осыған ашуланған әйелдер директордың кабинетінде айқайға басты. Алайда басшы қол астындағы қызметкерлердің былығын "жуырда білдім" деп ақталуға тырысты.
“Қара АӘК халықтан ақшаны заңсыз жинап, басқа халыққа сол ақшаны өзінің бізден басқарма арқылы емес, бөлек терминал арқылы жеке тұлға ретінде ақша аударып отырған. Ондай азаматтарға бізден атаулы әлеуметтік көмек бойынша базадан өтпеген. Қайтарымсыз гранттың сомасы 400 айлық есептік көрсеткіш. Бір миллион 225 мың мөлшерді құрайды. Одан бөлек, бес миллиондықтың бізге қатысы жоқ, "Атамекен" кәсіпкерлік палатасымен, кәсіпкерлік басқармасы арқылы бес миллиондық грант бойынша да қаражат жинап халықты алдаған”, – дейді "Халықты жұмыспен қамту орталығы" КММ директоры Шағдат Әсет.