05.10.2022, 17:00

Мәжіліс депутаты ресейліктерге қазақ тілі мен тарихты оқытуды ұсынды

Фото: ©А.Ахметқазы
Ол өзінің депутаттық сауалында Үкімет жедел түрде тиісті сақтық шараларын қабылдап, мүдделі мемлекеттік органдарға төмендегідей тапсырма беруі тиіс екенін атап өтті.

Парламент Мәжілісінің  депутаты Берік Дүйсенбинов Қазақстанға келген ресейліктер үшін арнайы  бейімдеу орталығын ашып, қазақ тілі мен тарихын оқыту туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сондай-ақ ол Ресейден келіп жатқан азаматтардың Қазақстан Конституциясы мен заңдарына қалтқысыз бағынуға, қазақ тілі мен салт-дәстүрін құрметтеуге міндетті екенін айтады.  

«Қазақстан қай заманда да қысым көріп, өз елінен қашып, босқын болуға мәжбүр болған талай халықты өз басындағы қиыншылыққа қарамастан құшақ жая қарсы алып, аман алып қалғанына куә. Қазақстан өркениетті ел ретінде Ресей шекарасынан елімізге бас сауғалап, соғыстан қашқан ресейліктерге пана қылды... Өткен аптада көшіп келушілердің басым бөлігі Астана мен Алматыға, шекарадағы облыс орталықтарына орналасып жатыр. Онсыз да ішкі миграция салдарынан тұрғындардың саны күрт өскен үлкен қалаларымызға инфрақұрылымдық және әлеуметтік-экономикалық қысым артуда. Негізінен әскер жасындағы Ресей азаматтарының елімізге жаппай қоныс аударуы бүгінгі посткеңестік геосаяси жағдайда қатты алаңдатып отыр», - деп атап өтті ол премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.  

Сондай-ақ ол өзінің депутаттық сауалында Үкімет жедел түрде тиісті сақтық шараларын қабылдап, мүдделі мемлекеттік органдарға төмендегідей тапсырма беруі тиіс екенін атап өтті:

• Біріншіден, көшіп келушілердің Қазақстанда қалуға ниет білдірген азаматтары үшін; қалалар мен елді мекендерде бейімдеу орталықтарын ашып, бұл орталықтарда оларға: Қазақстан тарихымен, мәдениеті мен тұрмыс-салтымен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен таныстыру, Қазақстан Конституциясы мен заңдарын түсіндіріп, құқықтық кеңес беру, қазақ тілі курстарын ашу және әрбір көшіп келген шетел азаматын бейімдеу орталығынан өтуді міндеттеу;

• Екіншіден, әрбір қоныс аударушының қос азаматтық фактісі бойынша тексеру және нәтижесі бойынша тиесілі құқықтық шара қолдану;

• Үшіншіден, ақпараттық қауіпсіздікті қатаң бақылап, яғни, әлеуметтік желілерге, келушілердің чаттарына контент сараптама (Facebook, Tik-Tok, Telegram, Instagram,  Vkontakte и тағы басқа) мен мониторинг жүргізіп,  ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін және мемлекетіміздің жер тұтастығына, тәуелсіздігімізге күмән келтіретін жазбалардың авторларын ерекше қадағалауға алып, ондай іріткі салушыларды қатаң жауапкершілікке тартып, оларды елден шұғыл аластау қажет деп санайды.

Осылай деп атап өткен Дүйсенбинов мырза ел ішінде миграциялық дағдарысты пайдаланып іріткі салғысы келетіндер бар екенін мойындады.

«Өкінішке қарай, Қазақстанның кейбір өңірлерінде арандату оқиғалары болып жатыр. Бұл деректер бойынша қылмыстық істер қозғап, арандатушылардың әрекеттерін жол бермей жатқан құзырлы мемлекеттік органдарға ризашылығымызды білдіреміз. Осыған байланысты сізден Қазақстанда қанша Ресей азаматы бар екенін анықтап, жауап беруіңізді сұраймыз», - деді депутат.