Алға ауданының Есет батыр ауылында тұратын 103 жастағы Дариха Мамилинаны іздеп келіп, батасын алатындар көп. Кейуананың өткен өмір жолы мен ұзақ жасауының сыры да көпке қызық, деп хабарлайды Zakon.kz.
Дариха әжей 1919 жылы қаңтарда қазіргі Ырғыз ауданда дүниеге келген. Өткен ғасырдағы ашаршылық пен екінші дүниежүзілік соғыстың куәгері. Соғыс басталған шақта 21 жаста болатын. Жазда егін, мал шаруашылығында, ал қыста темір жолды қардан тазарту жұмысын атқарды. Кейін тұрмысқа шығып, жолдасымен бірге 7 бала сүйіп тәрбиелеп өсірді. Қазір тұңғышы 70 жасқа таяп қалса, кенжесі 50-ден асқан жігіт ағасы. Ғұмыр бойы ауылда тұрған әжейдің ұршық иіріп, тоқыма тоқу, арқан есу сүйікті ісі болыпты. Сондай-ақ көп оқыған көрінеді. Мерзімді басылымдардан өзге кітап оқуды әдетке айналдырған, деп хабарлайды "Хабар-24".
Жалпы облыста бүгінгі күні 100-ден асқан 10 қарт тұрады. Шалқар ауданының Бозой ауылында тұратын Зиба Келімбетова әжей биыл 108 жасқа толды.
«Әкем мал бақты, сиыр бақты. Шешеміз сол 20 сиыр сауатын еді. Сеператқа тартады, ол кезде холодильник жоқ қо. Жерден қазып, солай сақтап барлық балаларды өсірген, жеткізген осы кісі ғой. Ауылдық жерде өстік. Көп жасаудың реті содан да шығар»,- деді 103 жастағы әжейдің баласы Сейдалы Сүтемгенов.