Ақмола облысында ер адам алдымен кішкентай қызын өлтірген, ал екі жылдан кейін әйелін пышақтап тастаған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2018 жылы Атбасар қаласында сантехник құдықтың ішінен сәбидің денесін тапты. Үстінде қызғылт комбинезон болған. Нәресте шамамен 1-3 айлық. Полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер сәбиді анасы лақтырып кетті деп ойлады. Содан жақын жердегі босанған әйелдер туралы ақпарат жинауға кірісті. Үйлерді де аралады. Алайда нәрестенің анасын таба алмады. Сол кезде қылмыстық іс мұрағатқа жіберілді.
2020 жылы қалада тағы бір адам өлімі тіркелді. Пәтерді жалға алған адам шұғыл кетіп қалғаннан кейін иесі үйін жинастыруға келген. Кілемді ашып қарағанда әйелдің денесін тапқан. Полиция тергеуді бастады. Сараптама кезінде өлген әйелдің екі жыл бұрын құдықтан табылған нәрестенің анасы болғаны анықталды.
Марқұмның үлкен қызы қалды. Аты – Роксана. Ол анасының өлімінен кейін "#НеМолчиkz" қорының көмегіне жүгінді. Анасы мен кішкентай қарындасының өліміне қатысты мән-жайды да жайып салды. Роксана өз өмірі үшін қатты қорықты. Себебі қылмыскер әлі бостандықта жүрген.
"2018 жылы Н. қызын өлтірген. Артынан полицияға бұл қылмысты қалай жасағанын айтып берген. Сәбиді басымен бағанға бір ұрған, сосын денесін пакетке салып, құдыққа лақтырып жіберген. Екі жылдан кейін нәрестенің анасы бәрін біліп қояды. Сол кезде ол әйелге 13 рет пышақ сұғып, басынан ауыр вазамен бірнеше рет ұрған. Одан кейін Ресейге қашып кетеді", – деп жазды "#НеМолчиkz" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қылмыскерге халықаралық іздеу жарияланған. Көрші елдің тәртіп сақшылары оны ұстаған. Бірақ сөзіне сеніп, жібере салған. Ол Ресейден тыс жерге шықпағанын айтқан. Сол елдің азаматы екенін көрсеткен.
Роксананың өтінішінен кейін "#НеМолчиkz" қоры Ақмола облыстық полиция департаменті мен Бас прокуратурамен келіссөз жүргізді. Соның нәтижесінде істі Қазан қаласына жіберді. Біршама уақыттан кейін Н.-ды тағы ұстап, қамауға алғаны туралы ақпарат келді. Жақында 20 жастағы қыз Қазан қаласына барып, іс материалдарымен танысып келді. Ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Таңсәрінің айтуынша, Роксананың қолында 75 жастағы әжесі қалды.