$ 498.34  519.72  4.85

Көне атауларды қимай жүр ме?

Тәуелсiздiк орнаған соң Түлкiбас ауданында байырғы атаулары бұрмаланып кеткен талай елдi мекендер түгелдей қазақшаланды. Жданов, Чапаев, Мичурин, Сергеевка, Ильинка, Антоновка, Димитровка, Вознесеновка, Корниловка, Владимировка, Новониколаевка, М.Горький, Высокое, Куйбышев, Калинин-1, Калинин-2, басқа да атаулар алынып, олардың бәрi қазақша есiмдерге ие болған едi. Бiрақ, арада ширек ғасыр өтсе де, күнi бүгiнге дейiн Ванновка, Вознесеновка, Корниловка, Высокое, Мичурин, Ильинка, Сергеевка, Жданов атаулары бейнебiр отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, ертегi әлемiндегi мәңгi өлмейтiн «кащейдей» әлi де өмiршеңдiгiн танытып келедi.

Олардың тарихтан оңайлықпен кетпеуiне көлiктерiмен адам тасып, нәпақаларын жолаушылардан тауып жүрген жеке такси жүргiзушiлердiң де қосқан үлестерi бүгiнде зор болып тұр. Таксистерге дәл қазiр мемлекеттiк тiлдiң елiмiзде салтанат құруы онша маңызды емес, оларға адам тасып ақша тапса болғаны. Сондықтан, таксистер жол жиектерiнде жолаушыларды аңдып, «Чимкент, Белые-воды, Ванновка, Бурное, Вознесеновка, Корниловка» деп өңештерi жыртылғанша айқайлап тұрудан жалықпайды. Егер олар «Шымкент, Т.Рысқұлов, Б.Момышұлы, Тастұмсық, Жаскешу, Шақпақ баба» десе бейнебiр адамдар көлiктерiне мiнбей қоятындай. Соған қарамастан қазiргi таңда М.Горький, Новониколаевка, Владимировка есiмдерi көмескi тартып, оның есесiне Ақбиiк, Дауан, Жабағылы, Жыланды атауларына құлақ үйренiп, тұрғындар осыған бiржолата қалыптасып кеттi.

Әр елдi мекеннiң атауларын осылайша қазақ тiлiнде атаудан жасқанбасақ, онда бұрынғы сүрлеуге қайта түспес едiк қой. Ол үшiн патриоттық сезiмiмiздiң бәсеңдеп емес, атойлап тұрғаны қажет-ақ. Сонда ғана тәуелсiз елiмiздiң тұғыры биiктей беретiн болады.

Міне, биыл сол Тәуелсіздік деген қасиетті ұғымға қол жеткізгенімізге тура 25 жыл толып отыр. Қазақы қаймағы бұзылмаған өңірде ширек ғасыр бойы көне орыс атауларының сақталуы ұлтшылдығымызға сын болуы керек. Сондықтан, ана тілі мәселесіне келгенде ең алдымен әр қазақ өзімізден бастауымыз керек.

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары