06.01.2023, 10:40

Омар Жәлел екі баласын тастап, бизнесмен келіншектің қолына кіріп алған

Фото: ашық дереккөз
Мұндай әңгменің жиі айтылып жүргенін Ахметбек Нұрсила да растайды.

Белгілі ғалым, қазақтың бас биі болып сайланған Омар Жәлел екі баласын әйелімен қаңғыртып қойды деген ақпарат ғаламторда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Экспресс К.

Омар Жәлелдің отбасын тастап, басқа әйелдің қолына кіріп алды деген ақпаратты бизнес-тренер Ахметбек Нұрсила өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады. Онда кәсіпкер өзіне жолданған хатты автордың өтініші бойынша жариялап отырғанын жеткізген. Хатта Омар Жәлелдің екі баласын тастап, бай-қуатты келіншектің қолына кіріп алғаны айтылған.

"Омар тілі шыға қоймаған екі баласын әйелімен қаңғытып қойып, үй-күйі бар, бизнесі дамыған бір келіншектің қолына барып тұрып жатыр. Титтей балаларын жылатып қойып, бақытты отбасы жайлы айтып жүргенін көрсем, қалай би болып жүр деп ойлаймын. Екі баланың анасы күйзеліске түсіп, қазір эссенциялық психологиядан хабары болғандықтан екі баласын етегіне ертіп жүріп, есін жиды. Омар балаларын қаңғытып қойып, басқа халыққа бисымақ болғанына таңым бар. Өзі дайын, ыңғайлы қонысқа шауып жүріп, елге қандай бата бермекші?! Тек өсіп-өнген, бала-шағасын қаңғытпай ұйытып отырған адам ғана елдің алдында би болуға құқы бар. Ал, Омар өте қу адам. Абайдың сөздерін жаттап алып, көзімен манипуляция жасап, адамдардың миын айналдырып өз күнін көріп жүрген адам", — делінген хатта.

Мұндай әңгменің жиі айтылып жүргенін Ахметбек Нұрсила да растайды. Ол қазақтың биі болып сайланған әрі бақытты отбасы болудың құпиясын айтып жүрген Омар Жәлел туралы оқырмандарына былай дейді.

"Омар жайлы "Біреуін емес бірнеше әйелді зар қақсатып балаларымен тастап кеткен" деген әңгімені бірнеше жерден естіп едім.. Салима деген әйел адамның жазбасын өз рұқсатымен салып отырмын. Шынымен елге берекелі отбасын қалай құру керек екені жайлы ақыл айтып жүрген Бас бидің өзінің отбасы қалай екен? Кім біледі?", — деп сұрады Ахметбек Нұрсила.

Әзірге хаттағы айтылған дүние қауесет пе, шындық па ол жағы белгісіз. Қазақтың бас биі бұған қатысты әзірге жауап бермеді.