31.01.2023, 17:20

«Елімізде ер адамдарды зорлау жиілей бастады». Психологтар бұл мәселенің себебін айтты

Фото: azattyg.ruhy
Елімізде зорланған ер адамдар туралы жеке статистика жүргізілмейді.

Бұрын «қыз зорланды» немесе «кішкентай қызды жыныстық қатынасқа тартыпты» деген ақпаратты естігенде жұрт жағасын ұстайтын. Қазір күн құрғатпай мұндай хабарлар телеарналар мен газеттерден беріліп жатыр, әлеуметтік желіде де осы тектес ақпарат өте көп. Қазір мұндай жаңалыққа қоғамның еті өліп кеткен. 

Ал жақында оңтүстік астанамыз – Алматыда орын алған оқиға елді елең еткізді. Бірнеше жігір ер адамды қосыла зорлап, азғындық әрекеттерін ұялы телефонға түсірген. Олардың мұндай қадамға баруына не себеп? Аzattyq Ruhy тілшісі зерделеп көрді.      

ЖЫНЫСТЫҚ ҚАТЫНАСҚА ТАРТЫП, КЕЙІН БОПСАЛАҒАН 

Құқықтық статистика бюросының мәліметінше, былтыр Қазақстанда 378 әйел, 125 кәмелетке толмаған бойжеткен зорланған. Жан түршігерлік көрсеткіш. Ал зорланған ер адамдар туралы жеке сатистика жүргізілмейді екен.             

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне есімін Әділ деп таныстырған жас жігіт басынан өткен оқиғаны бүкпесіз айтып берген еді. Бірақ, түрін көрсетпеуді өтінген. Онсыз да ұяттан жерге кіріп кетудің аз-ақ алдында жүргенін жасырмады. Бірақ үндемей қалса мұндай оқиғалар қоғамда тіптен көбейіп кете ме деген оймен бұл проблемаға жұртшылықтың назарын аударуды ұйғарған. Шынымен де «қол сынса жең ішінде» деп жаманат хабарды жарияламай, жабулы қазан жабулы күйінде қалған оқиғалар қаншама?             

«Бейтаныс жігітпен интернетте таныстым. Бір айдан кейін компьютерлік ойын ойнайық деп үйіне шақырды. Барсам жалғыз емес екен. Үш жігіт мені алдымен ұрып-соқты. Мен жалғыз болған соң түк істей алмадым. Өмірім үшін қатты қорыққандықтан айтқандарын істедім», – дейді Әділ.

Үшеуі жабылып жас жігітті үш сағат бойы зорлаған. Және бұл азғындық әрекеттерін ұялы телефонға түсіріп алып, жұртқа жариялайтындарын айтып қорқытқан. Яғни, ақша талап еткен. Әділ қорыққанынан банкоматқа барып, есепшотындағы екі жүз мың теңгедей қаржысын түгел шешіп берген.

ҚАСАҚАНА ЖАСАЛҒАН ӘРЕКЕТ ПЕ, ӘЛДЕ ПСИХИКАЛЫҚ АУЫТҚУШЫЛЫҚ ПА?

Әділдің жағдайы сынды мысалдар көп болуы мүмкін. Алайда жапа шегушілер мәселесін айта бермейді. Жануарлармен де жыныстық қатынасқа түсетіндер барын көпшілік БАҚ арқылы біліп жүр. Бұл қасақана жасалған әрекет пе, әлде психикалық ауытқушылық па?

«Бұл терең зерттелмеген өте күрделі сұрақ. Оны қарастырған кезде адамның балалық шағына, тіпті құрсақта жатқан шарана кезеңіне үңілу керек. Ананың мінез-құлқында ерекшеліктер болуы мүмкін. Оны зерттеу жүргізек, анықтауға болады. Алайда 1-2 қабылдаудан кейін бәрі жақсы болып, адам тәуір болып кетеді деуге болмайды. Кешенді жұмыс керек. Бала үлкендерден әлімжеттік көрсе, таяқ жесе, балағат сөздер естеуі – оның психикасына жазылып қалады.

Ер адам мен ер адамның мәжбүрлі түрде төсектес болуы – сол бала кездегі қорлықтан, ыза-күйіктен болуы мүмкін. Ол сол қатынастан ләззат аламын деп жалған ойлап қалуы мүмкін. Маған жануармен жыныстық қатынасқа түскен адам келіп, көмек сұрады. Өзінің қателігін мойындап отыр. Бірақ жағдай үнемі қайталанатынын, өзіне-өзі тйым салса да, оны қоя алмайтынын, уақытша ләззат қайта-қайта тартып тұратынын айтты. Кішкентай кезінде жануарлардың сондай қатынасын естіген. Адам темекіге үйреніп қалады, жағымсыз әдет қалыптасады. Бұл да сондай дүние.

Зорлық жасайтын адамды емдеуге болады. Ең алдымен психолог тұрғысынан қандай көмек қажет екенін анықтаймыз. Мінез-құлық, танымдық ерекшеліктеріне мән береміз. Ауытқулары қандай жағдайды туындайтыны зерттейді. Егер ол психикалық түрде ауру болса, жұмысқа психолог, психотерапевт, психотерапевт бірігіп, кешенді жұмыс атқаруы тиіс», - дейді тәжірибелі психолог Ләззат Көмекбаева.

Сонымен қатар, психологтар зорлық әреккеттерінің көбеюін бүгінде зорлық-зомбылық сипаттағы видеолардың қолжетімділігімен де байланыстырады.

«Зорлық әрекеттерінің көбеюінің астарында адамдардың моральдық төмен, қысқа видеоларды көп көруі жатуы мүмкін. Өйткені, көпшілік сондай материалдардан тәрбие, үлгі алып жатыр. Ал жапа шеккен адамның жан жарасын емдеп жазу қиын. Оған көп уақыт кетеді, талай психотерапия кезеңдерінен өту керек, және де адам бәрібір өзінің бұрынғы қалпына келе алмайды, басқаша болады», - дейді психолог Ғалия Баязитова.

Зорлық-зомбылық көрген адамдарға құқық қорғаушылар мен психолог дәрігерлерден бөлек әртүрлі қорлар да көмектеседі. Мәселен, Әділ «Не молчи» қорына хабарласқан. Бұл қор ашылғаннан бергі бес жыл ішінде адам зорлаған, соның ішінде әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрскеткен 110 қылмыскердің тиісті жазасын алуына ықпал еткен. Қор басшысы Дина Смаилованың айтуынша, бұл жерде арам пиғылдылар қоғамның дәстүрлі емес жыныстық қатынасқа түсетіндерге қатысты қоғамның жеккөрінішті көзқарасын өз мақсаттарына пайдалануға тырысқан. 

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек бұл қылмысқа қатысты үш жігіт ұсталғанын жеткізді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120 бабына сәйкес, адам зорлаған қылмыскер 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Егер бұл қылмыс топпен жасалса, жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиянын тигізсе жаза мерзімі 15 жылға дейін ұзартылады. Ал кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қылмыс үшін біздің елде заң қатайғаны белгілі. Яғни, қылмыскер 20 жылға сотталады немесе өмір бойына дейін темір тордың ар жағына жіберілуі мүмкін. Олар жазасын өтеп шығып, қылмысқа қайта бармасына кепіл жоқ.

ҚЫЛМЫСКЕР ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАНАДЫ - ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ

Әлем елдерінің тәжірибесіне қарасақ, адам зорлағандарға қатысты заң әр елде әртүрлі екенін көреміз. Мәселен, көптеген мұсылман елдері дарға асады немесе алаңға шығарып жұрттың көзінше өлтіреді. Мұндай жаза Иранда көп қолданылады. Заңының қатаңдығымен танымал Қытай билігі де қылмыскерлерге жылы қабақ таныта қоймайды. Қылмыс жасағаны дәлелденсе бірден ату жазасына кеседі немесе химиялық кастрациялау әдісін қолданады.

Нидерланды сияқты елдерде зорлау былай тұрсын, рұқсатсыз сүйген адамның өзін төрт жылға түрмеге отырғызуға болады екен. Сондай-ақ, жезөкшелердің өзін ақысын төлемей жыныстық қатынасқа қартқандарға төрт жыл жаза кесіледі. Жеңіл жүрістілерге қатысты мұндай жаза әлемнің басқа елдерінде жоқтың қасы.

ЕР АДАМДЫ ЗОРЛАУ ДЕРЕКТЕРІ ЖАБУЛЫ КҮЙІНДЕ ҚАЛАДЫ

Құқық қорғаушылардың айтуынша, еркектің еркекті зорлау фактілерінің көбі түрмеде орын алады екен. Жалпақ жұрт ол туралы білгенімен әлі күнге дейін ешкім жазалана қоймаған. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, темір тордың ар жағында отырған ер азаматтардың шамамен он пайызы өз ырқынан тыс жыныстық қатынасқа түседі. Психологтар жыныстық зорлық-зомбылыққа адам өзінің күшті екенін өзгелердің алдында көрсету үшін баратынын айтады.

«Адам күшпен жыныстық қатынасқа түсуден ешқандай ләззат алмайды. Бұл жерде екінші адамнан мықты екенін көрсету, оның намысын таптау үшін ғана осындай әрекетке барады. Арақ ішкендер, есірткі шеккендер өздерін ұстай алмай қалуы мүмкін. Соңғы кезде ақша бопсалаушылар осындай әрекеттерге жиі барып жүр. Бұл өте қауіпті үрдіс. Себебі, зорлық көрген адам өз-өзіне қол жұмсайтын жайттар өте көп», –  дейді психолог Баязит Шахметұлы.

Түрмедегілер жазасын өтеп болып, бостандыққа шыққанымен жаман әдеттен арыла алмай қалуы да мүмкін. Адам зорлау оқиғаларының денін темір тордың ар жағынан келгендер жасайтыны да сондықтан. Соңғы кездері түрмедегі бұл азғындық әрекет еліміздің армияларында да көрініс таба бастады.

Жақында Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде қаза тапқан сарбаздың киімінен бөгде ер адамдардың шәуһаты табылған. Марқұмға үш рет сот-медициналық сараптама жүргізілген. Оның біреуі Таразда, екеуі Алматыда өткен. Сараптама қорытындысында қайтыс болған сарбаздың ауыз қуысында және киімінде өзге ер адамдардың генетикалық биоматериалдары табылғанын марқұмның ісімен айналысып жатқан адвокат жария етті.