Алматы қаласындағы кафелердің бірінде қазақша мәзір сұраған тапсырыс берушіні кафе басшылығы "фашист" деп айыптап, қызмет көрсетуден бас тартқан. Енді аталған дәмхана басшылығы кешірім сұраған видеосы мен жазбаша түсініктемесін жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
"Құрметті "Динара" кафесінің қонақтары! Менің тарапымнан болған түсініспеушілік пен айтылған сөздерім үшін кешірім сұраймын. Істеген әрекетімді ақтап алатын еш себеп жоқ екенін түсінемін және сол үшін қатты өкінемін. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайды деп уәде беремін!" - делінген бейнежазбада.
Ал кафе басшылығының жазбаша түсініктемесінің мәтіні мынадай мазмұнда:
"Қымбатты біздің "Динара" кафесіне келуші қонақтар! Бұған дейін орын алған келеңсіз жағдайға байланысты, кафе басшылығы атынан біз қазақ тіліне де, орыс тіліне де құрметпен қарайтынымызды жеткізгім келеді. Қызметкеріміздің теріс қылығы мен айтқан сөзі үшін кешірім сұраймыз, оған қатысты тиіс шара қолданамыз.
Бізде екі тілде қызмет көрсетіледі. Осы оқиғадан бір апта бұрын ас мәзірін екі тілде дайындауға баспаға тапсырыс берілген болатын. Дәлел ретінде тапсырыс берген баспаға тиісті мәліметтерді ұсына аламыз.
Назарларыңызға рахмет айта отырып, сіздерді дәмханамызға шақырамыз!"