10.04.2023, 11:40

Ақтөбе облысында жол апатынан екі адам көз жұмып, үшеуі ауруханаға түсті

Фото: t.me/POLICE_of_KZ
Жол апаты салдарынан Lada жүргізушісі оқиға орнында алған жарақатынан қайтыс болды.

Ақтөбе облысында жол-көлік апаты салдарынан екі жүргізуші бірдей қаза тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 7 сәуірде Lada Priora автокөлігінің 31 жастағы жүргізушісі Жаңажол-Сарыкөл автожолымен (Сарыкөл ауылынан 4 км қашықтықта) келе жатып, қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығып кетіп, 68 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Renault Daster автокөлігімен соқтығысқан.

«Жол апаты салдарынан Lada жүргізушісі оқиға орнында алған жарақатынан қайтыс болды. Екінші көліктің жүргізушісі алған жарақаттарынан Кеңқияқ ауылы ауруханасының қабылдау бөлімінде көз жұмды», - делінген ПД хабарламасында.

Lada көлігінде болған бір жолаушы мен Duster көлігіндегі үш жолаушы, арасында екі кәмелетке толмаған бала бар, Кеңқияқ ауылындағы ауруханаға жатқызылды.

Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу басталды.