25.07.2023, 09:40

Түркістан облысында депутат кәсіпкерді соққыға жықты

Фото: Видеодан алынған кадр
Оңбай таяқ кәсіпкер оншақты күн ауруханаға жатып шығып, полицияға арыз түсірген.

Түркістан облысында депутат кәсіпкерді соққыға жықты Түркістан облысында депутат кәсіпкерді соққыға жықты, деп хабарлайды КТК.

Оқиға Қазығұрт ауданындағы Қызылқия ауылында болған. Аудандық мәслихат депутаты Яссауи Мүслім ауылдасы Мұстафа Әлжановты жұрттың көзінше сабаған. Кикілжіңге кәсіпкердің малы себеп болған. Яғни, 150 бас ірі қараны ауыл ішіндегі қораға әкелгеніне тұрғындар наразылық танытқан. Бұл іске халық қалаулысы араласып, арты төбелеске ұласқан. Оңбай таяқ кәсіпкер оншақты күн ауруханаға жатып шығып, полицияға арыз түсірген. Алайда, депутат ешкімді ұрғам жоқ деп ат тонын ала қашып отыр.

Ауыр соққыдан қабағы жарылып, мұрны сынған 45 жастағы кәсіпкер ауруханаға барған. Сонда 11 күн емделіп күні кеше шыққан ол полицияға да арызданыпты. Бірақ, жәбірленуші депутаттың жазаланатынына сенбей отыр. Ал, басы дауға қалған депутат Яссауи Мүслім болса кәсіпкердің малы екі айдан бері ауылды шулатты деп отыр. Тұрғындар өтінген соң ауылдас кәсіпкермен көшеде сөйлеспек болғанда әңгімелері жараспай қалғанын мойындайды. Бірақ, ұрмақ түгілі саусағым да тиген жоқ деп ақталып отыр.

Бірбіріміздің жағамыздан ұстастық, мен қолымды итеріп жіберіп едім, құлады, болды, бетпен құлады. Сөйтіп тұрды, қасы жыртылды, екеуміз екі жаққа бұрылдық та кеттік. Ол кісі мен саған көрсетем деді, мейлі оны өзіңіз білесіз дедім, - дейді депутат.

Қазір бұл бойынша аудандық полиция басқармасы "денсаулыққа орташа дәрежелі зиян келтіру" бабымен қылмыстық іс қозғады. Депутаттың ұрғаны дәлелденсе онда 33 жастағы Яссауи Мүслім мандатынан айрылмақ.

Бірақ, кәсіпкердің әрекетін бәлеқорлық деген ол жала жабу дерегімен қарсы арыз жазбақшы.