04.09.2023, 16:00

Түркияда жол апатына ұшыраған отбасы бүгін Қазақстанға оралуы керек еді – СІМ

Фото: İHA
Қазақстандық дипломаттар апатқа ұшыраған отбасының туыстарымен байланыста отыр.

Сыртқы істер министрлігі қазақстандық журналист пен оның қызының Түркияда қаза болуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

3 қыркүйекте Аланияда жол-көлік оқиғасы болып, нәтижесінде қазақстандық отбасы зардап шекті. Жол апатынан оқиға орнында 1989 жылы туған әйел мен оның 2 жасар қызы қайтыс болды. Отағасы (1986 жылы туған) ауыр жағдайда реанимацияда жатыр. 2014 жылы туған ұлы да ауруханада, оның денсаулығына аса қауіп төнбеген, - делінген СІМ хабарламасында.

Ақпаратта айтылғандай, қазақстандық дипломаттар апатқа ұшыраған отбасының туыстарымен байланыста отыр.

Аталған отбасыға барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіледі. Бұл отбасы Түркияда туристер ретінде болды және бүгін елге оралуы керек еді, - дейді ведомстводан.

Бұған дейін Түркияда жол апатынан атыраулық журналист көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.