$ 442.05  474.14  4.74

ІІМ притондарды анықтау кезінде 18 жыл бұрын жоғалған әйел табылды (ВИДЕО)

Рейдтік іс-шаралардың бірінші күнінде жезөкшелікпен айналысатын 70-тен астам притон анықталды.

Ішкі істер министрлігі республика аумағында интимдік қызмет көрсетілетін жезөкшелер үйлері, сауналар мен массаж салондарына рейд жүргізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Polisia.kz мәліметінше, рейдтік іс-шаралардың бірінші күнінде жезөкшелікпен айналысатын 70-тен астам притон анықталып, кінәлілер бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік кодекстің 450-бабы “Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну” бойынша 100-ден 1000-ға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Жеңгетайлықтың бес фактісі тіркелді.

Сонымен қатар Семей қаласында бойжеткен интимдік қызмет көрсетіп, клиентінен 3 миллион теңгені ұрлап кеткен.

18 жыл бойы із-түзсіз жоғалып кеткен түркістандық әйел Атырау облысынан табылды. Ол 16 жасында ата-анасымен жанжалдасып, 2005 жылы үйден кетіп, еліміздің әр қаласында тұрған. Содан бері ол жақындарымен араласпай, Алматы, Шымкент қалаларындағы әртүрлі мекемелерде жұмыс істеген. Бірер күн бұрын Құлсары қаласына келген.

Атырау полицейлері дереу Түркістан облысының полиция департаментіне хабар беріп, бойжеткеннің отбасымен байланысқа шыққан.

Қолында жеке басын куәландыратын құжаты жоқ әйел қазір полицейлердің бақылауында. Оны отбасына жіберу үшін тиісті шаралар қабылданып, заңгерлік кеңестер беріліп жатыр. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері қылмыстық және әкімшілік полициямен бірлесіп рейдтік шараларды жалғастырады.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары