15.12.2023, 01:30

Атырауда мұнай қалдығы бар теміржол цистернасы жарылды

Фото: Атырау облыстық ТЖД

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барлау жұмыстарын жүргізді.

Атырауда мұнай қалдығы бар теміржол цистернасы жарылып, цех қабырғасы құлады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы аталған деректі растады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

 Бүгін, 14 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 13:58-де Атырау қаласындағы Оңтүстік өндірістік аймақта орналасқан «Batys Petroleum» ЖШС-не тиесілі №1 цехтың жуу-булау станциясында жылжымалы темір жол құрамына тазалау жүргізілген. Сол кезде мұнай шламының қалдығы бар цистернада газ-ауа қоспасының дүмпуі болған. Соның салдарынан цех құрылымы ішінара құлаған. Жалынның тұтануына байланысты автоматты өрт сөндіру құрылғысы іске қосылған. «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС өрт сөндіру бөлімшелері өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді, - делінген хабарламада. 

Оқиға орнына Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 48 қызметкер мен 5 техника, «Апаттар медицинасы» орталығынан 3 қызметкер, 1 техника, «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС-нің 5 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды. 

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барлау жұмыстарын жүргізді. Ешкім зардап шекпеген.