$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда лай көшкіні жүрді: Үйлерге зақым келіп, адамдар іздестіріліп жатыр (ВИДЕО)

Үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған.

Фото: ҚР ТЖМ
Фото: ҚР ТЖМ

Алматы қаласы Медеу ауданының Тау-Самал шағын ауданында алдын ала ақпарат бойынша техногендік сипаттағы топырақтың ылғалдануынан лай көшкіні болды. Үйлерге зақым келіп, адамдар іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Алматы қаласында жылжыма түскен орында авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, суық сумен жабдықтау құбырының жарылуы салдарынан топырақ ылғалданып, кейін көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түскен. Екі жер үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған.

Оқиға орнында «Қазселденқорғау» ММ, Алматы қаласының «109 құтқару қызметі» ММ, Республикалық жедел-құтқару жасағынан, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237әскери бөлімінен, жедел медициналық көмек бригадасынан, Медеу ауданының әкімдігінен 160-тан астам адам және 30 бірлік техника жұмылдырылды.

Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды. Олар № 47 мектепке орналастырылды. Оларға түнеу орны, жылы шай және басқа да қажетті көмек көрсетілді. Жиналу пунктіне орналастырылғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, тұрғындар өз еркімен достары мен туыстарына кетті,  - делінген хабарламада.

Дәрігерлер бригадасы кезекшілік ұйымдастырды. Оқиға орнында ТЖД психологиялық тобы жұмыс істеп жатыр. Ықтимал зардап шеккендерді іздеу жалғасуда. Үйлердің жақын орналасуы, техниканы пайдалану мүмкіндігінің болмауы жұмыстарды қиындатуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары