Ораз Қиқымұлының тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азиялық аймақта атағы кеңінен белгілі болған.
XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың дүниеге келгеніне 125 жыл толды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Ораз Қиқымұлының тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азиялық аймақта атағы кеңінен белгілі болған.
Ол 1899 жылы 20 ақпанда Қаскелең қаласы, қазіргі Жандосов ауылында дүниеге келген. 1918 жылы Верный ерлер гимназиясын бітіріп, революциялық жұмысқа қатысты. Жетісу совдепінің нұсқаушысы болып, жергілікті жерде Кеңес үкіметін нығайтуға атсалысады.
1921-1923 жылдары Түркiстан КП ОК-iнiң үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi және БК(б)П Қазақ өлкелiк комитетiнiң екiншi хатшысы болды. 1923-1924 жылдары Мәскеудегi К.Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясында оқыды. 1924-1928 жылдары БК(б)П Қазақстан өлкелiк комитетi үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiн атқарды. Осы кезеңде «Еңбекшi қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетiне басшылық жасаған.
1928-1937 жылдары Қазақ АКСР ағарту халкомы қызметін атқарады. Халық комиссары болып жүрген шағында орасан істер атқарған О.Жандосовтың тікелей ұйымдастыруымен елімізде педагогикалық, ауылшаруашылық және ветеринарлық институттармен қатар орта білім беретін бірнеше мекеме ашылды.
Бұл кезеңде Ораз Қиқымұлы қазақ ауыл шаруашылығы институтының (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті) директорлығымен қатар республикалық кiтапхананың директоры болды, Алматы облысындағы Кеген аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы, Алматы облыстық атқару комитетiнiң төрағасы қызметтерiн атқарды. Ұлтаралық қатынасты реттеуге көп еңбек сiңiрдi.
Ораз Жандосов саяси қызметтерде жүріп, қазақ баласының ғылым мен білімге қол жетуі үшін жанын салып, қазақ ауылдарының көркеюі үшін аянбай тер төкті. Орталық биліктен қазақ елінің өз экономикасы болу керек деген идеяны ұстанған ол – жер-су реформасын әзірлеп, халықтың оны тиімді мөлшерде пайдалануына мүмкіндік туғызған, өзінің артында үлкен рухани мұра қалдырған бірегей тұлға.
Отызыншы жылдардың басында орын алған ұлы жұт кезінде де О.Жандосовтың тікелей араласуымен Орталық Қазақстанның біраз жеріне астық егіліп, жергілікті халықтың нанға қолы жеткені тарихтан белгілі.
1937 жылы тамызда партия қатарынан шығарылды да, жалған саяси айыппен тұтқындалды. 1938 жылы наурызда ату жазасына кесілді. 1957 жылы сегізінші маусымда ақталды. Республикамызда оның есімі көптеген елді мекендерге беріліп, Алматы қаласында бір көше Жандосовтың атымен аталып, ескерткіш қойылған.
Қысқа өмірінде ол қандай қызметте болмасын қоғам, халық, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етті. Оның өмір жолы, айнымас ұстанымы – бүгінгі ұрпақ үшін зор үлгі және өнеге.