$ 494.87  520.65  4.91

Су тасқыны: Ақтөбе облысындағы Щербаков бөгеті бұзылды (ВИДЕО)

Бөгет 29 наурызда бұзылып, су Жүргенев ауылының шетіндегі Ырғыз өзеніне кете бастаған.

Ақтөбе облысында су тасқыны салдарынан өткен жылы ғана қалпына келтірілген Щербаков бөгеті бұзылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.      

Бөгет 29 наурызда бұзылып, су Жүргенев ауылының шетіндегі Ырғыз өзеніне кете бастаған.

ТЖД күшімен Талдысай және Жүргенов ауылындағы 45 жеке тұрғын үйден 149 адам алдын ала эвакуацияланды. 251 адам өзін-өзі эвакуациялады, оның ішінде 87 бала және 320 ірі қара, 340 ұсақ мал, 606 құс бар.

Бұған дейін Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданы Шығанақ Берсиев атындағы су тасқынында қалған ауыл тұрғындарына барған тікұшақ жерге қона алмағаны жайлы хабар тараған еді. Тұрғындар таңғы жетіден бастап эвакуацияны күткен. 300 - ден астам адам, оның ішінде 100-ге жуығы балалар, осы уақыт бойы ауыл мектебінде болған.

"Мүмкіндігінше, мектепке эвакуацияландық. Мұнда жарық та, жылу да жоқ. Бес айлық баладан бастап ақсақалдарға дейін 350-ден астам адам бар. Мектептің өзінде қабырғаларда жарықтар пайда болады. Біз адам емеспіз бе? ТЖМ қайда?!"- деп ауыл тұрғындары әлеуметтік желілерде шарасыз күйін жариялаған еді.

Мектепті паналаған ауыл тұрғындары эвакуациялау үшін арнайы келген тікұшақтың қона алмай кеткен видеосын бөлісті. Десе де ауыл тұрғындары апатты аймақтан басқа жолдармен эвакуациялануда. Бұл жайында ақпаратты Қорғаныс министрлігі бөлісті.

"2024 жылғы 29 наурызда майор Ж.О. Бекбаулиевтің басқаруымен Ми-8 (БН-34) тікұшағының экипажы Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Берсиев елді мекенінде су басу аймағында тұрған адамдарды құтқару бойынша эвакуациялық іс-шараларға қатысты.

Эвакуациялық пункт болып табылатын мектептің айналасы сумен толғандықтан, мектеп ауданына қону мүмкін болмады. Экипаж мектеп ғимаратынан 600-800 метр қашықтықта қонуды жүзеге асырды. Алайда, күту кезінде экипаж Берсиева ауылында ғимарат төбесіндегі 13 адам өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы ақпарат алды. Осыған байланысты экипаж командирі алдымен ғимараттың төбесінде қауіп төніп тұрған адамдарды құтқару туралы шешім қабылдады. Ғимараттың үстінде судан бір метр биіктікте тұрған 13 адамның барлығы құтқарылды. Қалған отынның қалдығын ескере отырып, тікұшақ құтқарылғандарды Ақтөбеге жеткізді", - деп хабарлады ведомство.

Ал Ақтөбе облысының әкімдігі Берсиев атындағы ауыл тұрғындарына гуманитарлық және медициналық, психологиялық көмек беру үшін арнайы мамандардан жасақталған экипаж жіберілгенін мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары