Оның пікірінше, кәмелетке толмаған қызбен интимдік хат алмасу құқық бұзушылық емес.
Абай ауданында полицияның кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтіргені үшін қызметінен босатылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Ол жасалған құқық бұзушылыққа қатысты жазаны өте қатыгез деп санап, сот арқылы өз қызметін қалпына келтіруді сұрады. Алайда Семей қалалық соты, одан кейін облыстық сот оның арызын қанағаттандырмады.
2023 жылдың 31 шілдесінде Шар қалалық ПД бастығының орынбасарына жергілікті тұрғындармен кездесуі барысында Наталья есімді тұрғын шағымданған. Әйелдің айтуынша, 2005 жылы туған жиенімен кездесіп, қызметтік қажеттіліктер үшін ұялы телефон нөмірін сұраған кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор Б. Ербол жасөспірімге әдепсіз хабарламалар жазған.
"Сол күні Ербол Б. кәмелетке толмаған Д-мен Whatsapp қосымшасы арқылы белсенді хат жазыса бастаған. Хат алмасу кезінде ол оған ұятсыз сөздер жазып, интимдік қарым-қатынасқа итермелей бастаған. Бұл туралы қыз әпкесі мен анасына айтып, хабарламаларды көрсеткен", — делінген Семей қалалық сотының қаулысында.
Инспектор жасөспіріммен хат жазысқанын мойындады. Қызметтік тәртіп мен этикалық нормаларды өрескел бұзғаны үшін ол қызметінен қуылды.
Ербол Б. өзінің жұмыстан босатылуын әділетсіз деп санап, қызметке қалпына келтіруді, сондай-ақ мәжбүрлі түрде жұмыста болмаған кезеңдегі жалақысын төлеуді талап еткен. Оның пікірінше, кәмелетке толмаған қызбен интимдік хат алмасу қызметтік тәртіпті өрескел бұзу және құқық қорғау органының беделін түсіретін құқық бұзушылық емес. Бірақ бірінші және екінші сатыдағы соттар экс-полицейдің арызын қанағаттандырмады.