Есеңгіреген отбасы полицияның істі суицид деп тіркеп, үнсіз отырғанына да күдікпен қарайды.
Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы Черных отбасында болған қайғылы жағдай полиция тарапынан әлі толық тергелмеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қара жамылған жанұя 18 наурыз күні келіндерінен айрылған еді. Жиырма тоғыз жастағы Рима ауылдан бес шақырымдай қашықтықтағы құбырдан табылған. Полиция істі суицид деп тіркеген. Бірақ жақынынан айрылған отбасы бұған келіспейді.
Stan.kz-тің жазуынша, марқұмның енесі Светлана Черных бұрын-соңды мұндай жағдай болмағанын жеткізді.
“18 наурыз күні таңертең немеремнен келіннің үйде жоқ екенін естідім. Жан-жақтан іздедік. Кейін ауыл тұрғындары құбырдан табылғанын жеткізді. Дереу сол жерге жеттік. Құдағиым мен құтқарушылар “көмектерсіңдер” деген дауысты естігендей болдық дейді. Бірақ астынан алып шыққанда жансыз болды. Менің келінім өзіне қол салғанына сенбеймін. Өлгісі келсе, адам азапты емес, оңай амалдарын да таба алады ғой?! Онымен бірге ауылдағы бір ер адам барыпты. Ол мас. Сұрасам “өзі өлгісі келіп, ішіне түсіп кетті” дейді. Оның ішіне түсіп кете салу оңай емес”, – дейді марқұмның енесі Светлана Черных.
Келінін жер қойнына тапсырған ене Риманы құбыр астынан алып шыққанда денесінің көгергенін, саусақтарының сынғанын, шашының жұлынғанын жеткізді. Есеңгіреген отбасы полицияның істі суицид деп тіркеп, үнсіз отырғанына да күдікпен қарайды. Құзырлы орган өкілдері әлеуметтік желіде жарияланған шағымнан кейін бір-ақ қимылдағанын айтады.
“Істі тергеп-тексермей мұндай байламға қалай келген? Не бізден, не оқиғаны хабарлаған куәгерден жауап алған жоқ. Біз, Риманың өзіне қол салғанына сенбейміз. Адам өлу үшін сонша жер кезіп бара ма? Үйде ұрыс-жанжал да болған жоқ. Үш баласы бар. Бәріне тиянақты қарап жүрді. Ата-аналар комитетінің төрайымы. Осындай адам өзін өлтіру үшін айдаладағы құбырға түсе ме?”, – дейді Светлана Черных.
Ал марқұмның күйеуі болса, оқиға кезінде Ресейде жұмыста болғанын айтады. Түнде ғана хабарласып, әдеттегідей сөйлестік деген Михаил естігенде есеңгіреп қалдым дейді. Сөзінше, куәгермен сөйлескен. Ер адам Римамен алдымен тауға барғанын айтыпты. Сол жерде секірем деген келіншек кейін құбырға құлауды ұйғарды депті.
“Ол құбырдың барын бұл ауылда екінің бірі білмейді. Әйелім білді дегенге де сенбеймін. Жазық далада жатқан құбырда кімнің қандай шаруасы болуы мүмкін? Ал, куәгер металл жинап өткізетін. Ол құбырды бірер күн бұрын кесіп алып кеткісі келген көрінеді. Өзі құлады дейді. Бірге барса неге құтқармаған? Бұл істе шикілік көп”, – дейді марқұмның күйеуі.
Михаил Черныхтың сөзінше, әйелі құбырдан шығарылғанда аяқ киімсіз болған. Жалаңаяқ, ішіндегі киімі жыртық күйінде табылған Риманың бүйірі көгеріген екен.
“Сол түні ғана мен жұмыстан келген соң, саяхаттап Ташкенте барамыз деп келіскенбіз. Сұрағанның бәрін алып беретінмін. Таршылық көрген жоқ. Түсінбеймін. Әйелім жұмбақ жағдайда өлді. Полиция болса “Өзіне қол салды” дейді. Құзырлы орган өкілдері істі жылы жаппай, тергеу жүргізу керек!”, – дейді Михаил Черных.
Черных отбасы қылмыстық істің май-шаммен тергелгенін қалайды. Алайда құқық қорғаушылар қаралы күннен бері қимылсыз екен. Тек әлеуметтік желіде жазба жариялап, шағым айтқан соң ғана жауап алуға шақырыпты.