$ 494.87  520.65  4.91

Әйелін ұрып-соққан алматылық келген полицияға оқ атты

Желіде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы тұрғынының полицияға жазған арызы жарияланды.

Фото: gov.kz / Алматы ПД
Фото: gov.kz / Алматы ПД

Алматы облысында күйеуі тарапынан үнемі зорлық-зомбылыққа ұшыраушы әйел полицейлерден көмек сұрады. Оқиға орнына келген тәртіп сақшыларына да ол бағынбай, біразға дейін лаң салған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат агенттігі.

Желіде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы тұрғынының полицияға жазған арызы жарияланды. Онда күйеуі жұбайын үнемі ұрып-соғатыны айтылған.

"Өтініш тіркеліп, екі лейтенант шара қолдану үшін оқиға орнына барды. Әңгімелесу барысында ер адам күтпеген жерден үйден мылтық алып шығып, полиция қызметкерлеріне қарай оқ атқан. Полицейлердің бірі оқ жарақатымен ауруханаға түсті", - дейді жарияланым авторы.

Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

Белгілі болғандай, аталған факт 2024 жылдың 17 сәуірінде тіркелген.

"Алматы облысына қарасты елдімекендерінің бірінде атыс қаруынан белгісіз ер адам Еңбекшіқазақ ауданының учаскелік полиция инспекторына оқ атқан. Салдарынан полиция қызметкерінің қолына оқ тиіп, жараланды. Жергілікті күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді", - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ер адамның мас болғаны, қолданған тегіс ұңғылы мылтығының атына тіркелгені де нақтыланады. 

"Ұсталған күдіктінің іс-әрекеті құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғуды көздейтін қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін қамтиды. Қажетті сараптамаларды тағайындай отырып, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды", - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 1
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары