Оған 20 АЕК (73 мың теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл салынды.
Су тасқыны кезінде жалған ақпарат таратып, халық арасында дүрбелең тудырғаны үшін 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы «Біз біргеміз» телемарафонында ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешов айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Су тасқынына қатысты жалған ақпарат таратқан 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 2 қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысында 7 адам, Астана қаласы мен Маңғыстау облысында 2 адам, Атырауда 1 адам және БҚО-да 1 адам жауапқа тартылды. Жалған ақпаратпен күрес жалғасып жатыр, мониторинг жүргізіп отырмыз», - деді Шыңғыс Алекешов.
Оның айтуынша, жауапқа тартылғандар көбіне гуманитарлық көмектің ұрланып, оны әкімдік өкілдерінің иемденіп жатқаны және кісі өлімі жөнінде қауесеттің таралуына себепшы болған.
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ тұрғыны WhatsApp мессенджері арқылы Атырау облысында төтенше жағдай болғаны туралы жалған, дәйексіз ақпарат таратқан.
«Әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК (73 мың теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл салынды», - делінген сот хабарламасында.