22 жастағы жігіт ауруханада тілге келместен қайтыс болды.
Петропавлда жұмысшының үстіне балшық құлап кетті. 22 жастағы жігіт ауруханада тілге келместен қайтыс болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Солтүстік Қазақстан облыстық еңбек инспекциясының мәліметінше, оқиға 3 маусым күні кешкі сағат 21.00 шамасында болған. Сол күні жұмысшылар «Масло-дел» кәсіпорнының қосалқы ғимаратына су құбырын тарту үшін қазылған шұңқырды тазалаған. Абайсызда 2001 жылы туған жігіттің үстіне топырақ құлап, басып қалған. Жедел-жәрдем қызметі жарақат алған жігітті ауруханаға жеткізгенімен, ол ота барысында қайтыс болды. Марқұмның ішкі органдары езіліп кеткен. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция тергеу жүргізіп жатыр.
«Жұмыс беруші белгіленген тәртіп бойынша жазатайым оқиға жайында басқармаға хабарлады. Жұмысшымен биыл 4 наурызда азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасалған екен. Мұндай шарт болған жағдайда мәселе ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексіне сай реттеледі», - деді СҚО еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Азат Көшербаев.