23.07.2024, 12:20

Квест бөлмесіндегі өлім: Қаза тапқан келіншек 5 күн бұрын тұрмысқа шыққан

Фото: t.me/shot_shot

Бөлмелердің лабиринттей реттелгені жағдайды қиындата түсті.

Дағыстанның Махачкала қаласында хоррор-квестте шыққан өрттен қаза тапқан 19 жастағы Асияттың күйеуі ауруханадан шығып, алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

SHOT арнасының жазуынша, 20 жастағы Саид өрт басталған кезде ол досымен бірге бөлменің басқа бөлігінде, ал қыздар қайғылы оқиға орын алған бөлікте болған. Бәрі түтінге оранған кезде досы бірінші болып жол тауып, Саидқа оның даусына еріп жүр деп айғайлайды. Жігіт досының арқасында қашып, сыртқа шыққан. Өрт кезінде ішіндегі қыздарды табу мүмкін болмады: абсолютті түтіннен бөлек, бөлмелердің лабиринттей реттелгені жағдайды қиындата түсті.

Көшеге шыққан Саид өрттің шығуына себеп болған аниматорды (құтқарушы мамандығы бойынша оқып жүрген 18 жасар Шамильді) көреді.

Жәбірленушінің айтуынша, қызметкер әлі де қыздарды құтқармақ болған: ол противогаз киіп, Саидпен бірге жанып жатқан бөлмеге кірген, бірақ 15 секундқа жетпей қайтадан сыртқа қашып кеткен.

Нәтижесінде келген Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қыздарды тозақтан алып шықты. Зардап шеккендер кейін ауруханада көз жұмды.

Дағыстан Денсаулық сақтау министрлігі квестке келушілердің бірі көмірқышқыл газынан уланып, екіншісі күйіктен қайтыс болғанын хабарлады. Ал Саид денесінің 50 пайызын күйік шалып, ауруханаға түсті.

20 жастағы Саид бес күн бұрын ғана отау құрған 19 жастағы жары Асияттан айырылып қалды.

Айта кетейік, өрттің тұтануына аниматордың салғырттығы себеп болған. Сценарий бойынша қыздардың қолына кісен салынған. Сосын квест-аниматор атмосфера сыйлау үшін қолғапқа бензин құйып, оны өртеп жіберген. Бөлмеде жұмыс істеп тұрған электр арасының сымына тамшылар түсіп, өрт тез тараған.