07.02.2025, 17:00

ШҚО-да көрші азамат қарт кісі мен төрт баланы өлімнен құтқарды

Фото: ШҚО ТЖД

Жеке тұрғын үйде өрт шығып, көршісі Талғат Мүсірат үйге терезе арқылы кіріп, қатты түтінденген үйден 1956 жылы туған әйел адамды және 2017, 2019, 2020, 2023 жылы туған төрт баланы қауіпсіз жерге шығуға көмектескен.

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында ер адам өрт шыққан үйден төрт бала мен әжейді құтқарды. Ол көршілерін қауіпсіз жерге аман-есен алып шыққан, деп хабарлайды Sкifnews.kz ақпарат порталы.

Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқыс оқиға Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылында орын алған. Жеке тұрғын үйде өрт шығып, көршісі Талғат Мүсірат үйге терезе арқылы кіріп, қатты түтінденген үйден 1956 жылы туған әйел адамды және 2017, 2019, 2020, 2023 жылы туған төрт баланы қауіпсіз жерге шығуға көмектескен.

Оқиға орнына жеткен №25 өрт сөндірушілері 30 шаршы метр аумақты қамтыған өртті сөндірді. Зардап шеккендер жоқ.

ТЖД өкілдерінің айтуынша, алдын ала болжам бойынша өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау.

Мамандар азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

«Өртке әкелуі мүмкін бұзушылықтарды уақытында жою өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етеді. Өрт жағдайында дереу «112» нөмірі бойынша хабарласыңыз», - дейді ШҚО ТЖД өкілдері.