Елордада алабай тұқымды ит төрт жасар баланы қауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат астаналық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«12 тамыз күні аулада ойнап жүрген 4 жасар балаға алабай тұқымды ит шабуыл жасады. Баланың бүкіл денесінде және басында ит тісінің ізі қалған. Қан-жоса болған балаға шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болды. Ұлдың әкесі уақыт жоғалтпау үшін ауруханаға өз көлігімен апарған. Бұл уақытта қараңғы түсіп, жолда көлік көбейген. Ер адам Республика даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесінің қиылысында тұрған патрульдік полиция көлігіне барып, көмек сұраған», - делінген хабарламада.
Патрульдік полиция қызметкерлері лейтенант Асан Қоманов және сержант Елдос Жүнісов 12 сағаттық ауысымын аяқтап, базаға келе жатқан. Сол сәтте жарақат алған баласы бар жүргізуші олардан көмек сұраған. Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, полицейлер «жасыл дәліз» ұйымдастырып, зардап шеккен баланы Қошқарбаев көшесіндегі №2 қалалық ауруханаға жеткізген.
Зардап шеккен баланың әкесі Александр Балахтың айтуынша, полицейлердің көмегімен ауруханаға жылдам жетіп, балаға дер кезінде медициналық жәрдем көрсетілді. Қазір бала ем қабылдап жатыр, оның жағдайы тұрақты. Ертеңгі күні Александр Балах патрульдік полиция полкінің басшылығына барып, жеке құрам алдында қол ұшын созған полицейлерге алғыс айтты.