$ 498.34  519.72  4.85

Түркістан облысындағы лагерьде балаларды ұрған тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Видеода тәрбиеші кішкентай балаларға қоқан-лоқы көрсетіп, ұрып жатқаны көрінеді.

Түркістан облысының полициясы "лагерьде төрт балаға қол жұмсаған тәрбиешінің" видеосынан кейін тергеу бастады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде “Сұңқар” лагерінде балаларды ұрып тәрбиелеген” деп аталатын видео тараған. Видеода тәрбиеші кішкентай балаларға қоқан-лоқы көрсетіп, ұрып жатқаны көрінеді.

Полиция бұл оқиға Түркістан облысы Төлеби ауданындағы “Сұңқар” лагерінде болғанын растады, бірақ қашан болғанын айтпады. Қазір осы жайт бойынша Қылмыстық кодекстің "Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау" бабы бойынша тергеу басталды.

Ал Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі “Сұңқар” лагері білім саласының мекемесі ретінде лицензия алмағанын хабарлады.

“Бұл лагерь емес, жекеменшік демалыс орнына жатады. Денсаулық сақтау департаментінің қорытындысын алмаған. Бірақ соған қарамастан “Сұңқар” демалыс орны конкурсқа қатысып, Түлкібас ауданынан 800-ден астам, Шардара ауданынан 50 баланы қабылдаған. Құжаттары жоқ мекеменің конкурста қалай жеңгені тексеріледі. Қазір тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалды” деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Ерболат Мұхамеджан.

Қазақстанда бұған дейін де бірнеше тәрбиеші балаларды соққаны үшін іс қозғалған. Мәселен, биыл наурызда Ақтөбе облысында сот балабақшада балалардың құлағынан тартып, күш көрсеткен тәрбиешіні үш жылға педагогикалық қызметтен шектеп, 120 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім кескен.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары